
Бүгін, 26 ақпанда, Жаңасемей ауданы әкімдігінің ғимаратында республикалық референдум қарсаңында «Ата Заң – елдіктің арқауы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынның ерекшелігі – оған аудандық коалиция мүшелерімен қатар, ауданның ауылдық округтері мен кенттерінің Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жаңасемей ауданы мәслихатының төрағасы Ермек Толегенович Абильмажинов референдумның тарихи маңыздылығына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөліне тоқталды.
Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар мен әлеуметтік реформалар қызу талқыланды.
Атап айтқанда, Жаңасемей ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Хасен Бекенович Сейтхасимов мемлекеттік басқару тетіктерін нығайтудың маңызды қадамы ретінде Вице-президент институтын енгізу мәселесін жан-жақты түсіндіріп берді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күлбану Сағатқызы Смағұлова әлеуметтік кепілдіктер мен адам құқықтары тақырыбын қозғап, Ата Заңдағы өзгерістердің ауыл, кент және аудан тұрғындарын әлеуметтік қолдау шараларына тікелей әсері туралы баяндады.
Шүлбі кенті Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кенжебек Ақанұлы Байғожинов өз сөзінде кенттегі мекемелер мен ұйымдарда өткен кездесулердің оң нәтижесін атап өтті. Ол жергілікті халықтың реформаларды дұрыс түсінетінін және болашаққа деген сенімінің жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ, басқа да ауылдық округтерден келген Қоғамдық кеңес мүшелері өз аймақтарындағы халықтың пікірімен бөлісіп, бірауыздан қолдау білдірді.
Жиын соңында қатысушылар референдум – халықтың өз таңдауын жасап, мемлекеттік шешімдерге тікелей қатысуының айқын көрінісі екендігін атап өтіп, барша аудан тұрғындарын саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.