Құрметті, арулар, ардақты аналар, қаракөз қарындастар!
Сіздерді көктемнің шұғылалы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға зор құрмет көрсету - қай ұрпақтың да перзенттік парызы болып қала бермек.
«Ер - елдің иесі, әйел - үйдің киесі» дегендей отбасындағы береке-бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарымыз қашанда құрметке лайық.
Қазіргі таңда елімізде түрлі салада қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде парасаты мен пайымын, біліктілігін, танымы мен талғамын аямаған әйелдер аз емес. Ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес, билік пен бизнесте, саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалды ер азаматтарымен иық тірестіре жүрген қыз-келіншектер – бүгінде ел мақтанышы.
Ендеше табиғат ананың жаңарып, мейірім жылылығын ала келетін көктемнің алғашқы мерекесі баршаңызға болашаққа деген нық сенім, мол қуаныш пен игілік әкелсін!
Сіздердің әр күніңіз қуаныш пен шаттыққа, мейірім мен жылулыққа толы болсын. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Әрдайым көркем көктемдей құлпырып, жүректеріңіз махаббат пен мейірімге толы болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!