Тараз қаласы аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен қосу жоспарлануда

Тараз қаласы аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен қосу жоспарлануда

Ағымдағы жылдың 5-ші қазан күні облыстық және қалалық мәслихатының депутаттары Тараз қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу бойынша жиын өткізді. Бас жоспардың жобасын Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы таныстырды.
Жалпы Тараз қаласының бас жоспар жобасына 2007 жылы жобалау жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысымен бекітілген.
Бас жоспары бойынша қала аумағы - 18787 га құраған болатын.
Қазіргі таңда қаланың дамуына және 2010 жылы әзірленген қаланың бас жоспар жобасында бірқатар әлеуметтік құрылыс нысандарының бой көтеруіне байланысты және қала аумағын дамыту мақсатында, бас жоспар жобасына түзетулер енгізілуде.
Жалпы жобалау жұмыстары барысында, қала аумағын заман талабына сай дамыту, қадамдық қолжетімділік және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, көркейту және жер телімі мен пәтер кезегіндегі азаматтарды қамту мақсатында, қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен қосу жоспарлануда.
Атап айтқанда:
Байзақ ауданы - Қызыл жұлдыз, Талас, ст. Тала ауылдары;
Жамбыл ауданы – Шайқорық,Танты, Қоңыртөбе, ст. Шайкорык, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Пригородное, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары.
Бас жоспарға сәйкес, қала аумағын Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен 11 755,0 га ұлғайту жоспарлануда, нәтижесінде қала аумағы 30 542,0 га құрайтын болады.
Қосылатын аумақтарға тоқтала кетсек, Байзақ ауданынан қосылатын аумақ 1492,47 га құрайды.
Оның ішінде:
Елді мекендер аумағы – 568,3 га;
Егістік жерлер – 97,5 га;
Жайылым жерлер – 814,67 га;
Көпжылдық екпелер – 12,0 га
Жамбыл ауданынан қосылатын аумақ 10 262,53 га құрайды.
Оның ішінде:
Елді мекендер аумағы – 2809,1 га;
Саяжайлар – 86,8 га;
Егістік жерлер – 4367,24 га;
Жайылым жерлер – 1714,64 га;
Шабындық жерлер – 1284,75 га
Сонымен қатар, бас жоспар жобасына түзетулер енгізілгеннен кейін, қала халқының саны 400 мыңнан асатын болғандықтан, екі ауданға бөлу жосарланып отыр.
Яғни, екі әкімшілік аумаққа бөліп, әр аумақтың әкімшілік ғимараттары және әлеуметтік (мектеп, балабақша, спорт және т.б.) нысандары болады.
Жобалау жұмыстарының орындалу барысы және қала аумағын алдағы І кезеңді - 2029 ж және жоспарлы кезеңді - 2040 жылға дейінгі дамыту мәселесі ұсынылды.
Жиын қорытындысы бойынша депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылып, жоспардың жүзеге асуы барысында халықтың пікірін ескерілуін айтты.