
Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс XXXIII сессиясы өтті
2026 жылғы 5 мамыр күні сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс, отыз үшінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымды жетілдіруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, депутаттар «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесін қарап, өңірдің басым бағыттарына қаржы бөлу тетіктерін талқылады. Сонымен қатар Жамбыл облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, облыстың алдағы жылдардағы даму басымдықтары нақтыланды.
Сессия барысында Тараз қаласында инклюзивті спорт орталығын салу жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған жоба ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасап, бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Сонымен бірге Жамбыл ауданының кейбір елді мекендерінің әкімшілік бағыныстылығын және ауылдық округтердің шекараларын өзгерту мәселесі қаралып, өңірдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар талқыланды.
Депутаттар 2026 жылға арналған Жамбыл облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы мәселені қарап, жер қатынастары саласындағы жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға басымдық берді.
Сондай-ақ ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерінен берілетін ауызсу қызметтерінің құнын субсидиялау мөлшерін бекіту және облыстық мәслихаттың жекелеген шешімдерінің күшін жою мәселелері де күн тәртібіне шығарылды.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.