Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиевтің төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті.
Жиынға Жамбыл облысы мәслихатының депутаттары, қала және аудан мәслихаттарының төрағалары, Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандарының мәслихат депутаттары, сондай-ақ саяси партиялардың облыстық филиалдарының төрағалары қатысты.
Кездесу барысында елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен басталған ауқымды конституциялық реформаның негізгі бағыттары айтылды. Осыған байланысты 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссияның жұмысы жөнінде ақпарат берілді. Аталған комиссияның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, тәжірибелі заңгерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық кеңестер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өңірлік мәслихаттардың төрағалары енген. Комиссияның жалпы құрамы – 130 адам.
Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев Конституциялық комиссия мүшесі ретінде Астана қаласында өткен отырыстарға қатысқанын атап өтіп, комиссия жұмысының толықтай ашық форматта жүргізілгенін, барлық отырыстардың тікелей эфирде көрсетілгенін жеткізді.
Талқылау нәтижесінде Конституцияның барлық бөлімдері мен 77 бабына, яғни мәтіннің 84 пайызына өзгерістер енгізу қажеттілігі анықталған. Осыған орай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеу туралы бастама көтерілген. Қазіргі таңда Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасы ашық түрде жарияланып, қоғам талқысына ұсынылған.
Жаңа Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап қамтылған. Оның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілуі. Алғаш рет адам құқықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалып, бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім, егемендік пен тәуелсіздік, мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілген.
Сонымен қатар Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары Конституция деңгейінде нақтыланып, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақты көрсетілген. Білім мен ғылымды дамыту, мәдениет пен инновацияны қолдау, цифрландыру және азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Жиын барысында сөз Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Мамашбайұлы Олжабайға, облыстық мәслихат депутаттары Гулам Мұхтарұлы Умаров пен Жұмақан Мұқашұлы Тәнкебаевқа, сондай-ақ облыстық мәслихаттың бас инспекторы Рүстем Доскумбайұлы Байшекеевке берілді.
Жиынды қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасына ұсыныстар қабылдау жұмыстары жалғасып жатқандығы, түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатыны атап өтілді. Осы ретте халыққа дұрыс әрі түсінікті ақпарат беру, референдумның әділ әрі белсенді өтуіне үлес қосу – халық қалаулыларының басты міндеті екені айтылды.