Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен облыстық активтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жобасы таныстырылды.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен облыстық активтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жобасы таныстырылды.

    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен облыстық активтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жобасы таныстырылды.

    Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, ардагерлер және қоғамдық кеңестердің жетекшілері, құқық қорғау саласының өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен басқармалар, кәсіпорын басшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

    Алғашқы сөзді облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Нұралиев алып, жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын, оның басты ерекшеліктерін және комиссия атқарған жұмыстарды кеңінен таныстырды.

Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің берік тірегі, қоғамдық келісімнің негізі және азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімді айқындайтын басты құқықтық құжат. Осыған байланысты Ата Заңды жаңарту – ел дамуына тікелей әсер ететін маңызды әрі тарихи шешім.

Сондай-ақ Конституциялық комиссияның құрамында өңірлердің мүддесін ескеруге ерекше назар аударылғаны атап өтілді. Комиссия жұмысына еліміздің барлық аймақтарынан өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері мен тәжірибелі мамандар тартылып, бұл құжаттың жалпыұлттық сипатта әзірленуіне мүмкіндік берді.

Конституциялық реформа қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттырып, азаматтардың саяси белсенділігі мен жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар бұл бастама құқықтық мәдениетті дамытып, демократиялық құндылықтар мен азаматтық қоғамды нығайтуға жол ашады.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Батырбек Құлекеев пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков те сөз алып, жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар саяси жүйені жаңғыртуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға және елдің орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатынын ерекше атап өткенін еске салды. Бұл – халықтың еркін білдіретін, тәуелсіз елдің демократиялық қағидаттарын бекемдейтін маңызды кезең. Осы тұрғыда әрбір азаматтың референдумға белсенді қатысуы – елжандылықтың жарқын көрінісі екенін жеткізді.

– Жаңа Ата Заң жобасын қолдау арқылы біз еліміздің болашағы мен жастардың ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадамға өз үлесімізді қосамыз. Әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құру – баршамызға ортақ міндет, – деді өңір басшысы.