Сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс отызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысын Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізді. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес, «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мамандандырылған әскери мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін беру жөніндегі ұсынысты Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу мәселесі қаралды.
Аталған мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Е. Жүнісбай баяндама жасап, Бауыржан Момышұлының қазақ халқының тарихындағы, елдің әскери-патриоттық тәрбиесіндегі айрықша орнына тоқталды. Сонымен қатар, әскери мектеп-интернатқа батырдың есімін беру жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлік пен тәртіпке тәрбиелеуге оң ықпал ететіні атап өтілді.
Баяндамашы өз сөзінде бұл ұсынысқа қатысты тиісті құжаттар мен негіздемелердің заңнама талаптарына сәйкес дайындалғанын, сондай-ақ мәселені Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу қажеттігін жеткізді.
Сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстың тарихи және тәрбиелік маңызын атап өтті. Депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға баяндамашы тарапынан нақты жауаптар берілді.
Талқылау қорытындысы бойынша, «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мамандандырылған әскери мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Бауыржан Момышұлының есімін беру жөніндегі ұсынысты Республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу туралы шешім қабылданды.
Сессия жұмысы белгіленген тәртіпке сәйкес аяқталды.