Тараз қаласында «Тараз» кәсіпқой футбол клубын жекешелендіру мәселесі бойынша көпшілік тыңдау өтті

Тараз қаласында «Тараз» кәсіпқой футбол клубын жекешелендіру мәселесі бойынша көпшілік тыңдау өтті

2025 жылғы 9 желтоқсанда Тараз қаласында коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын «Тараз» кәсіпқой футбол клубын жекешелендіру туралы мәселе бойынша көпшілік тыңдау өтті. Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, спорт саласының ардагерлері және қала тұрғындары қатысты. Жиынға мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Амансарықызы Жүнісова төрағалық етті.

Көпшілік тыңдаудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының
«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру аясында бекітілген жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының талаптарын орындау және Жамбыл облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес футбол клубын жекешелендіру туралы ұсынысты жан-жақты талқылау болды.

Алғашқы хабарламаны Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Таласбекұлы Ибраимов ұсынып, клубтың қазіргі жағдайы, қаржылық көрсеткіштері және жекешелендірудің ықтимал әсерлері туралы ақпарат берді.

Одан кейін «Тараз» кәсіпқой футбол клубының» Бас менеджері Мұрат Жұмағожаұлы Ағыбаев клубтың даму стратегиясы, инфрақұрылым, жасөспірімдер футболын дамыту мәселелері бойынша баяндамасын ұсынды.

Пікірталас барысында спорт саласының беделді өкілдері –

  • Тәуірбек Әбітайұлы Қарауылтегі,

  • Махамбет Ахметұлы Дүйсембаев,

  • Ахмет Жұмағұлұлы Жұмағұл,

  • Ерқасым Қалмаханұлы Ешенқұл

өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жекешелендіру процесінің өңірлік спорттың дамуына әсерін талқылады.

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.