Жамбыл облысында бірнеше жаңа өндіріс орындарының ашылды

Жамбыл облысында бірнеше жаңа өндіріс орындарының ашылды

Құрметті жамбылдықтар!

Бүгін Жамбыл облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Тоқбергенұлы Нұралиев өңірдің өнеркәсіптік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше маңызды өндіріс нысандарының ашылу және құрылыс бастау рәсімдеріне облыс басшысы Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевпен бірге қатысты.  Сол нысандардың ішінде өңір экономикасына елеулі серпін беретін ірі жобаларды атап өтуге болады.

Әулиекөл ауылындағы бу-газ электр станциясы – қуаты 50 мегаватт, инвестиция көлемі 109 млрд теңге болатын стратегиялық жоба. Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, станция іске қосылғанда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Ірі құс етін өңдеу зауыты жылдық қуаттылығы 70 мың тонна. «Алель Агро» АҚ инвестициясымен іске қосылған кәсіпорын заманауи жабдықталған және өнім сапасын толық бақылауға мүмкіндік береді.

«KazGeoEnergy» ЖШС әк өндіру зауыты жылына 60 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк шығарады. Өндіріс толық циклмен жүзеге асырылады және құрылыс, химия, металлургия және азық-түлік өнеркәсібіне шикізат жеткізеді.

Сонымен қатар «Тараз» шағын өнеркәсіптік аймағы іске қосылды. Шағын аймақта жалпы аумағы 10 000 шаршы метр болатын төрт өндірістік корпус бар. Мұнда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар орналасқан. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бір күнде бірнеше ірі өндірістің іске қосылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығы артқанын және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға және өнеркәсіптік сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар.