Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясы өтті

Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясы өтті

Бүгін сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті, жиырма алтыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары мен жауапты сала өкілдері қатысты.

Сессияда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзінің қызметіне жүктелген міндеттердің орындалуы туралы есеп беріп, өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына, жетістіктері мен проблемалық тұстарына тоқталды. Жиын барысында нақты деректер мен көрсеткіштер келтіріліп, келесі кезеңге арналған жоспарлар айтылды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Есмағамбетова 2026 жылға дейінгі ұлттық тұжырымдаманың Жамбыл облысында жүзеге асырылу барысын баяндаса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Отарбай тұрғындардың жекелеген санаттарына амбулаториялық көмек кезінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеңілдікпен беру мәселесін қозғады.

Сессияда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Экология, табиғи ресурстар, құрылыс және кәсіпкерлік салаларын қамтитын комиссияның жыл бойы атқарған жұмысы бойынша есеп тыңдалып, бірқатар бастамалар мен ұсыныстар талқыланды.

Сонымен қатар, бірмандаттық сайлау округтері бойынша Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларындағы бос орындарды қалыптастыру мәселесі көтеріліп, қажетті өзгерістер енгізілді.

Күн тәртібінде табиғи ресурстар мен жер қатынастарына қатысты бірнеше мәселе болды. Оның ішінде су пайдалану қағидаларын бекіту, ескі шешімдердің күшін жою, жер комиссиясының ережелеріне өзгерістер енгізу қаралды. Бұл бағыттағы баяндамаларды табиғи ресурстар және жер қатынастары басқармасының басшылары таныстырды.

Жалпы, сессияда халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, нақты шараларды қажет ететін мәселелер қаралды. Депутаттар ұсыныстарын айтып, кейбір тақырыптар бойынша қосымша бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Барлық ұсынылған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, заңнамаға сай рәсімделді.