Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында орман шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында орман шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

     Бүгінгі таңда елімізде орман шаруашылығын дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауына ие болып, маңызды стратегиялық бағыттардың біріне айналып отыр. Осыған орай Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясында аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен қаралды.

    Сессия жұмысына облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев төрағалық етті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты.

   Күн тәртібіне сәйкес облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек өңірдегі орман және жануарлар дүниесін қорғау, күзету және молықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 млн гектарды құрап, оның 2,3 млн гектары орман ағаштарымен көмкерілген. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республика көлемінде екінші орында тұр.

   Орман қоры аумағын қорғау және тиімді басқару мақсатында 15 орман шаруашылығы мекемесі мен «Сапсан» мамандандырылған жедел қызметі жұмыс жүргізуде. Соңғы төрт жылда аталған мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен қосымша 100 млн теңгеге 7 патрульдік автокөлік, 15 дрон және 40 байланыс құрылғысы алынған. Сонымен қатар, өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 1,8 млрд теңгеге 60 бірлік өрт сөндіру техникасын лизинг негізінде сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар орман шаруашылығын өртке қарсы техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

   Дегенмен, салада шешімін таппай отырған мәселелер де бар. Атап айтқанда, орман шаруашылығы мекемелеріне тиесілі қызметтік үйлердің жеткіліксіздігі мен тозығы жеткен жағдайы жұмыс сапасына кері әсерін тигізуде. Қазіргі таңда қажетті 79 қызметтік үйдің орнына тек 40-ы ғана бар, олардың барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты қосымша 39 қызметтік үй салу қажеттілігі туындап отыр.

   Сессия барысында облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков орман шаруашылығы саласына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Оның айтуынша, кейбір орман мекемелерінде ағаш отырғызу көрсеткіштері нақты деректермен сәйкес келмейді. Мысалы, Қосқұдық, Мерке және Бұрыл-Байтал орман мекемелерінде отырғызылған көшеттердің шығымдылығы төмен. Сондай-ақ, Байзақ, Жуалы, Мойынқұм және Сарысу мекемелерінде дайындалған жерлердің тек белгілі бір бөлігіне ғана көшет отырғызылған.

   Жиын барысында депутаттар тарапынан да бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар көтерілді. Депутат Ерұлан Мағзұмбеков қызметтік үйлер мәселесінің шешілу жолдарын нақтыласа, Оралхан Дәуіт балық шаруашылығы саласындағы субсидиялау мәселелеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактілерін алға тартты. Бақытжан Қалымбеков техникалық жабдықтың жетіспеушілігіне байланысты азаматтармен келісімшарт негізінде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ал депутат Нұржан Әділов кеңестік кезеңде орман мекемелеріне берілген жерлерді жайылым ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастырып, бұл ұсынысты жауапты министрлікке жолдау туралы ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдады.

  Сессия соңында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев көтерілген мәселелер депутаттардың тұрақты бақылауында болатынын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жалғасатынын жеткізді.