
Ағымдағы жылдың 28 мамырында Жамбыл ауданы мәслихатының мәжіліс залында мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Отырыста аудан халқын ағаш ресурстарымен қамтамасыз ету және орман өрттерінің алдын алу мен оларды жою шаралары мәселелері қаралды.
Комиссия жұмысына аудан мәслихатының төрағасы Лариса Викторовна Топорова, мәслихат депутаттары Владимир Ильич Волков Арман Ғабиденұлы Лезбаев, Мария Александровна Рахматуллина, аудан әкімінің орынбасары Руслан Берікұлы Аюпов қатысты.
Отырыста «Преснов орман шаруашылығы» КММ басшысы Сейтжан Қалықұлы Құрлеутов мен «Жамбыл орман шаруашылығы» КММ басшысы Жақсылық Бекетұлы Рахметовтың есептері тыңдалды. Бұған дейін мәслихат депутаттары орман ресурстарының ашықтығын, жариялылығын және Жамбыл ауданы тұрғындары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша орман шаруашылықтарына депутаттық сауалдар жолдаған болатын.
Өз баяндамаларында орман шаруашылықтарының директорлары халыққа ағаш отынын босату, қолданыстағы заңнаманың сақталуы, сондай-ақ орман ресурстарын негізсіз бөлудің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді. Лауазымды тұлғалардың орман қорын ұтымды әрі әділ пайдалану жөніндегі жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында сындарлы әрі ашық пікір алмасу өтті. Жамбыл ауданы тұрғындарын, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды отынмен қамтамасыз етуге қатысты барлық өзекті мәселелер талқыланды. Ағаш ресурстарының қолжетімділігіне, оларды әділ бөлуге және алдағы жылыту маусымына тұрғындарды уақытылы отынмен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар, орман шаруашылықтарының басшылары өрт қауіпті кезеңде орман және дала өрттерін оқшаулау мен сөндіру жұмыстарын орман шаруашылығы қызметкерлері көбіне өз күштері мен құралдарының есебінен жүзеге асыратынын атап өтті. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде адам ресурстарымен уақытылы қолдау көрсету қажеттігі айтылды.
Отырыс барысында депутаттар орман шаруашылықтарының қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, бақылауды күшейтуге, барлық мүдделі тараптардың жауапкершілігін арттыруға және ауданның орман қорын сақтау бойынша жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстар мен ұсынымдар енгізді.