2026 жылғы 27 наурызда аудан мәслихаттың 39-шы кезекті сессиясы өтті. Сессияны аудан мәслихатының төрайымы Л.В. Топорова жүргізді.
Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары Б.С. Молдағалиев, Э.С. Шумеков, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты.
Сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жамбыл ауданы мәслихатының 2025 жылғы қызметінің қорытындылары туралы есеппен мәслихат төрайымы Л.В. Топорова сөз сөйледі. Өз баяндамасында Лариса Викторовна депутаттық корпустың есепті кезеңдегі жұмысының негізгі бағыттарын жан-жақты баяндады.
2025 жылы барлығы 12 сессия өткізілді, оның ішінде 5 кезекті және 7 кезектен тыс. Барлығы 136 шешім қабылданды, оның ішінде: әділет органдарында тіркелуге жататын 1 нормативтік құқықтық акт (НҚА), азаматтар мен ұйымдардың құқықтарына, міндеттері мен заңды мүдделеріне қатысты және ресми жариялануға жататын 73 НҚА, сондай-ақ 62 өзге шешім.
Сессияларда қаралатын мәселелер алдын ала тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқыланады. 2025 жылы 17 отырыс өткізілді, оның ішінде 12 бірлескен отырыс, онда 144 мәселе қаралды.
Бақылау өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберінде депутаттар аудан әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму туралы есептерін, сондай-ақ мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдады. Қарау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.
Депутаттар мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсенді қатысты, білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы жөндеу жұмыстарының сапасына мониторинг жүргізді, сондай-ақ автомобиль және елді мекенішілік жолдарды жөндеу жұмыстарына бақылау жасады.
Тұрғындарды жеке қабылдау және ауылдық округтер тұрғындарымен кездесулер жүйелі түрде өткізілді. 2025 жылы 171 жеке қабылдау өткізілді. Тұрғындар көтерген негізгі мәселелер жолдардың жай-күйі, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық және білім беру қызметтерінің қолжетімділігі, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және елді мекендерді абаттандыру мәселелеріне қатысты болды.
Барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралды. Әлеуметтік маңызы бар мәселелер депутаттық бақылауға алынды. Барлығы 148 депутаттық сауал жолданды, оның ішінде: 2 — республикалық деңгейде, 8 — облыстық деңгейде, 138 — аудандық деңгейде.
2023 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан 8-шақырылым депутаттық корпусы демеушілік көмек көрсетуді жалғастыруда. 2025 жылы оның көлемі 17 миллион теңгеден асты. Қаражат ауданға қажетті жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге, мектептерге интерактивті панельдер сатып алуға, «Лесная поляна» балалар сауықтыру лагеріне жолдамалар алуға, «Мектепке жол» акциясын өткізуге, спорттық іс-шараларды қолдауға және басқа да әлеуметтік бастамаларға бағытталды.
Негізгі демеушілер қатарында депутаттар: В.В. Сычёв, Р.Ж. Асхабов, Ө.Е. Әбиев, М.А. Рахматуллина.
2026 жылы депутаттардың қызметі басым бағыттарға шоғырланатын болады: бюджетті қалыптастыру және оның орындалуын бақылауды күшейту, халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ халықпен, Қоғамдық кеңеспен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту.
Қорытындылай келе, Лариса Викторовна депутаттар алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешу, тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізетінін атап өтті.
Екінші мәселе бойынша Преснов ауылдық округінің әкімі Қ.С. Сансызбаевтың сайлауалды бағдарламасының орындалуы және округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар тарапынан тиісті ұсынымдар берілді.
Одан әрі депутаттар Жамбыл ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібіне өзгерістер енгізуді бекітті. Бұл мәселе тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын ала жан-жақты қаралғаны атап өтілді.
Келесі мәселе бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлеріне лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу қаралды.
Сондай-ақ депутаттар 2026–2028 жылдарға арналған 13 ауылдық округ бюджеттеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бекітті. Жалпы енгізілген нақтылаулар қолдау тапты.
Сессия қорытындысы бойынша барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Мәслихат жұмысы ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және жергілікті қоғамдастық алдында тұрған өзекті міндеттерді шешуге бағытталған