2025 жылғы 19 қыркүйекте мәслихаттың мәжіліс залында Жамбыл ауданы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырысқа экономика салалары, экология, бюджет, салық және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Ж.Б. Бекенова төрағалық етті, аудан мәслихатының төрайымы Л.В. Топорова қатысты.
Отырыста ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Б. Ғабдуллиннің ақпараты тыңдалды. Ол «2024 жылға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарын іске асыру қорытындылары туралы есеп» мәселесін кезекті сессияның күн тәртібінен алып тастауды ұсынды. Сонымен қатар депутаттарды осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде хабардар етті.
Келесі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Р.Б. Аюпов баяндама жасап, 2024 жылы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атқарған жұмыстары және тұрғын үй-коммуналдық саладағы өзекті мәселелер туралы ақпарат берді.
Үшінші мәселе бойынша ауданның мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Ж. Бекпаева ауданның өңірлік рәміздерін бекіту жөніндегі материалдарды ұсынды.
Сонымен қатар депутаттар аудан бюджетіне және 13 ауылдық округ бюджетіне нақтылау енгізу, сондай-ақ сайлау комиссиялары мен аудан әкімдігі жанындағы комиссиялардың дербес құрамына өзгерістер енгізу мәселелерін қарады.
Отырыс барысында қаралған барлық шешім жобалары жан-жақты талқыланып, мәслихаттың кезекті сессиясында бекітуге ұсынылды.
«2024 жылға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарының іске асырылу қорытындылары туралы есеп» мәселесі сессияның күн тәртібінен алынып тасталды. Депутаттар ауданның жер қатынастары бөліміне бұл мәселені толықтырып, мәслихат сессиясына бекітуге енгізуді тапсырды.
Тұрақты комиссиялардың мүшелері жер ресурстарын тиімді басқарудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Өйткені ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуы жайылымдардың жағдайымен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы жұмыс аудан мәслихатының тұрақты бақылауында болады.