ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 14 мамырында аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді. Кеңес отырысына тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Құлмаханның төрағалығымен болған отырыста келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасады.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 156-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган коммуналдық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын белгілейді.
Осыған орай «2026 жылы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілеу туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің қаулы жобасы әзірленген. Қаулы қабылданған жағдайда коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары белгіленіп, ақылы қызметтердің көрсетілуі реттелетін болады.
Кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, А.Ахметжамиев, Ө.Аманов ауданға қарасты мекемелердің шара өткізуге қаражат төлеу қажеттігі туралы, асабаны жалдауға байланысты, бассейннің ақылы қызметінің бағасы туралы сұрақтарын қойып, тиісті бөлім басшылары жауаптарын берді.
Екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Н.Маратқызы аудандық экономика және қаржы бөлімінің резервінен 167,8 млн. теңгені бюджеттік бағдарламаларға, олардың ішінде: Бұхарбай батыр ауылындағы 11 көшенің техникалық паспортын әзірлеуге, Н.Сермаханов, Келмембет батыр, Ш.Уалиханов көшелерінің жарық шамдарын қалпына келтіру жұмыстарына, Қ.Қазантаев мәдениет үйі ғимаратының қасбетіне жәй жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ауылдық клубтарға сахналық киімдер тіккізуге, Аламесек ауылдық округі теңгеріміндегі бос тұрған ғимаратты сату жұмыстары қызметіне, кенттегі апаттық жағдайда деп танылған Т.Қыстаубаев көшесі №2 көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындарына тұрғын үйлер сатып алуға, Жалағаш кентінде қоқысқа арналған полигон салуға (сұрыптау пункті) ЖСҚ әзірлеуге және экспертиза жасатуға, сондай-ақ, кейбір бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы және күрделі шығыстарына бағыттауды ұсынды.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, Ө.Аманов, Б.Құрақбаев, Ғ.Дүйсекбаев Дәуімбай учаскесіндегі көшелердің жарықтандырылуы, террористік тұрғыдан осал объекті ретінде танылған аудандық мәдениет Үйіне сұратылған қаржының қашан берілетіндігі, Аламесек ауылдық округіндегі сатылатын бос ғимараттар туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Үшінші мәселеге байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Ербол хабарлама жасап, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Жалағаш ауданының барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілеріне қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүрулері туралы Жалағаш аудандық мәслихатының шешім жобасына келісім беруді сұрады. Шешім жобасы қабылданған жағдайда Жалағаш ауданының барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне аудан аумағында қоғамдық көлікте (таксиден басқа) 30 пайыз жеңілдікпен жол жүруге құқық берілетін болады.
Кеңес мүшелері Қ.Құлмахан, Ө.Аманов, Ж.Қорғанбаев, Ғ.Дүйсекбаев кенттегі 2 бағыт бойынша ұйымдастырылған жолаушылар тасымалының маршруттарын өзгерту, жаңадан қосылған Наурыз, Дәуімбай учаскелеріндегі жаңа көшелерді қамту, жүретін көлік саны мен бөлінетін қаржысы туралы сұрақтары мен ұсыныстарын айтты.
Төртінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Б.Сығайбаев «Жалағаш ауданы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп тану туралы» Жалағаш ауданы әкімдігінің қаулысын қабылдауға колдау көрсетуді сұрады.
Отырысқа ұсынылған мәселелерге байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан келісімдерін берді.
Қоғамдық кеңес жұмысын кеңес төрағасы Қ.Құлмахан қорытындылады.