
КЕНТ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНІҢ БЮДЖЕТТЕРІ НАҚТЫЛАНДЫ
2025 жылдың 25 қарашасында Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 36-сессия отырысы өтті. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып, жүргізіп отырды. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов, кент, ауыл округі әкімдерінің мамандары, тиісті бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасады.
2025 жылға кент, ауылдық округтердің нақтыланған өз кірістерінің жылдық болжамы 299,0 млн. теңге, осы жылдың 10 айында дербес бюджеттің кірістері 260,9 млн. теңге көлемінде жоспарланып, 303,4 млн. теңгеге орындалған.
Кент, ауылдық округтердің 2025 жылға жылдық түсімдер болжамына талдау жүргізіліп, нәтижесінде ағымдағы жылдың 20 қарашадағы жағдай бойынша 8 922,0 мың теңгеге 2025 жылға дербес бюджет салық болжамын ұлғайту, сәйкесінше тиісті шығыстарына бағытталды.
Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 18 маусымдағы №543 қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық өңірлерінде субвенция көлемінің азайтылуына байланысты, Жалағаш ауданы бойынша 143 млн. теңгені қысқарту көзделуде.
2025 жылдың 1 қарашасына Жалағаш кенті және ауылдық округтер бойынша үнемделген 16 885,0 мың теңге субвенция қысқартуға ұсынылды. Сонымен қатар Аққұм, Аламесек, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінің өз кірістері 2800,0 мың теңгеге ұлғайтылып, сәйкесінше субвенция қысқартылды.
Барлығы дербес бюджеттен 19 685,0 мың теңге қысқартылды.
Депутаттар Ө.Елеусінов, Г.Құрманбаева, Ғ.Дүйсекбаев, Г.Айтжанова қаржының қысқартылу себептері, ауылдардың бюджетіне түсірген түсімдерін өздерінің толық жұмсау мүмкіндігі, түсімдер болжамының кейбір ауылдарда орындалмау себептері туралы сұрап, жауаптарын алды.
Екінші мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Т.Сарбалаев хабарлама жасады.
Хабарламашы Жалағаш аудандық мәслихатының «Экономикалық даму, қаржы және бюджет мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссия құрамына жаңадан сайланған депутат Л.Шөменованы енгізу, аталған тұрақты комиссия құрамынан Д.Құдабаевты шығару туралы хабарлады.
Ұсынылған мәселелер депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Отырыстың соңында аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов сөз алып, кент және ауылдық округтер бюджеттерінің жобасына қолдау білдіргендері үшін депутаттарға рахмет айтты және Ақсу ауылындағы клуб ғимаратына демеуші ретінде газ жүйесін орнатып бергені үшін депутат С.Жанашевқа ерекше алғысын жеткізді.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.