МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2025 жылдың 21 қарашасында Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 35-сессия отырысы өтті. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып, жүргізіп отырды. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ш.Қалыбаев, кент, ауыл округі әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасады.
Хабарламашы Қызылорда облысының қаулыларына сәйкес қысқартылатын қаржылар мен бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген қаржылар туралы баяндады. Сонымен қатар, Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 11 қарашадағы №195 шешімімен облыстық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттердің бөлінгендігін айтты. Бұл қаржыларға жыл аяғына дейін Қаракеткен және Далдабай ауылдарындағы 16 көшені күрделі жөндеу жұмыстары мен Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі көшелерде автомобиль жолын салу жұмыстары аяқталады.
Депутаттар Ө.Елеусінов, Г.Құрманбаева, С.Жанашев қысқартылатын қаржыларға байланысты, Қаракеткен, Далдабай ауылдарына газ жүйесін енгізуге байланысты сұрақтарын қойып, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында газ жүйесіне қосылған елді мекендер мен кент орталығындағы әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін газға ауыстыру және салық түсімдерін арттыру бағытында балабақшалардың жұмысын бақылау туралы ұсыныстарын берді.
Екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Бөлембаев хабарлама жасады.
Хабарламашы 16 желтоқсан- Тəуелсіздік күніне орай Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға- 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем төленетіндігін жеткізді.
Ұсынылған мәселе депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Үшінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қ.Жапбасбаев жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жалағаш ауданы бойынша оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолдану кезінде, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығы мөлшерлемесінің мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету ұсынды.
Күн тәртібіне ұсынылған мәселе депутаттардың көпшілік дауысымен бекітілді.
Отырыстың соңында аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов сөз алып, бүгінгі сессияға ұсынылып отырған мәселелерге, оның ішінде аудан бюджетінің жобасына қолдау білдіргендері үшін депутаттарға алғысын жеткізді.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.