ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2025 жылдың 29 қазанында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында аудан бойынша жеке балабақшаларға жүргізілген зерделеу жұмыстары мен аудан бойынша жылу беру маусымына дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.
Комиссия отырысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары Ә.Байнахатов, Ғ.Сүлейменов, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен балабақша меңгерушілері қатысты. Отырысты аудандық мәслихаттың төрағасы Ө.Елеусінов жүргізіп отырды.
Жылу беру маусымына дайындық барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Ербол хабарлама жасады.
2025 жылдың 9 қазандағы №396 өкіміне сәйкес, Жалағаш ауданында 2025 жылғы 10 қазан сағат 00-00ден бастап 2025-2026 жылдардағы жылу маусымы басталғаны жарияланған. Сонымен қатар, қазіргі таңда тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында көмір жеткізуші «Қырмызы», «Дуйсебаева» жеке кәсіпкерлерімен өзара ынтымақтастық меморандумы жасалынды. Аталған жеке кәсіпкерлер қатты отынды ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жеткізуде. Тамыз айынан бастап жеке кәсіпкерлермен 5010 тонна көмір жеткізілген.
2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына аудан бойынша қатты отын қажеттілігі 9300 тоннаны құрайды. Оның ішінде:
әлеуметтік нысандарға қатты отын қажеттілігі - 2500 тонна.
аудан тұрғындарына қажеттілігі - 6800 тонна.
Аудан бойынша барлығы 82 әлеуметтік нысандарға сұйық отынның қажеттілігі 1 708 тонна, қатты отын қажеттілігі 2500 тонна,
Әлеуметтік нысандардың көмір қоймаларында бүгінгі күні 1880тонна яғни қажеттіліктің (75,2 пайызы) көмір қоры бар.
Мәслихат депутаты Г.Құрманбаева газға қосылмаған білім беру ұйымдарына байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұраса, төраға Ө.Елеусінов аудан көлеміндегі мекемелердің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыру бойынша келелі ұсыныстарын нақты цифрлармен ұсынды.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов ауданда осы мәселеге байланысты дайындалған жобалар туралы айта келе, депутаттар ұсыныстарының ескерілетіндігін жеткізді.
Аудан бойынша жеке балабақшалардың жұмыстарына жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы аудандық мәслихат депутаты, «Әлеуметтік-мәдени даму, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері, заңдылық және азаматтар құқығы жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы Г.Айтжанова хабарлама жасады.
Жалағаш ауданы бойынша 37 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде 10- мемлекеттік, 27- жекеменшік балабақша.
Зерделеу барысында мектепке дейінгі ұйымдарда санитарлық талаптардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің орындалуы, жалпы материалдық-техникалық жағдайлары қаралды.
Хабарламашы Г.Айтжанова зерделеу жүргізілген жеке балабақшалар бойынша анықталған жайлар туралы жеке-жеке тоқталып өтіп, аудандық білім бөлімінің балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілеріне төмендегі талаптардың қойылып, қатаң бақылауға алуын ұсынды:
санитарлық- гигиеналық талаптарға сәйкес азық-түлік сапасын, көлемі мен тәртібін үнемі қатаң бақылауда ұстау, тамақтану ережесін, ас мәзірін жасағанда бала ағзасына пайдалы дәрумендері бар азық- түлікпен қамтамасыз ету. Балалардың жас ерекшелігіне қарай ас мәзірін жасау, зерделеу кезінде айқындалған қателіктерді қайталамау;
балабақшаларда спорттық ойын алаңдарының, медбике бөлмелерінің дұрыс жабдықталмауын атап өтіп, медбикелер штат бірлігін 1 штат бірлікке толықтыру.
Сонымен қатар, кадрлық мәселе бойынша кейбір балабақшалардағы тәжірибелі педагогтардың болмауы, тәрбиешілердің арнайы санаттарының болмауы, психолог, логопед, музыкант сияқты мамандардың алынбауы туралы айтылды.
Материалдық-техникалық базасына байланысты: кейбір балабақшалардың ғимараттары талапқа сай емес, жөндеу көрмеген. Сондықтан ойын алаңдары мен қауіпсіздік құралдары талапқа сай болуын қадағалау ұсынылды.
Мәслихат депутаттары Ө.Елеусінов, Г.Құрманбаева, Қ.Ахетов, Е.Мақсұтов бірінші кезекте баланың қауіпсіздігінің қамтамасыз етілу қажеттігі, балаларға көрсетілетін мультфильмдерге мән беру, ғимаратта жазылған жазулардағы орфографиялық және пунктуалдық қателерді жөндеу, бәсекелестікке сай болуға жұмыс жасау, коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп отыру, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы туралы өз ұсыныстарын жеткізді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Садықов білім бөлімі тарапынан да биыл жүргізілген мониторинг жұмыстары туралы айта келе, жеке балабақшалардың салық төлемдерін төлеу бойынша да анықталған мәселелер бар екендігін айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов сөз алып, заңдылыққа сәйкес жұмыс жасау, сапаға мән беру, салықтық түсімдерді уақытылы төлеу, балаларды тасымалдаудағы мәселелер туралы айтып, талап күннен күнге күшейетіндігін ескертті.
Балабақша құрылтайшылары Ж.Баймаханова, А.Әміреева балабақша жұмысында кездесіп отырған кейбір мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
Комиссия отырысын Ө.Елеусінов қорытындылап, бүгінгі отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына ұсыныстар берілетіндігін жеткізді.