КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде Жалағаш аудандық мәслихатының кезекті 33-сессия отырысы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімінің орынбасары Ә.Дәрмағанбетов, кент және ауыл округі әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып, жүргізді.
Сессия отырысында келесі мәселелер қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты Жалағаш аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қ.Жапбасбаев баяндама жасады.
Жалағаш ауданы бойынша 2025 жылдың 8 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2811 бірлік, оның ішінде, 2714 субъектісі немесе 96,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұрғандар. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 4440 адам.
Аудан бойынша 2025 жылдың 7 айында макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасқан. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары ағымдағы жылдың 7 айында 24 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 11 млрд. 986,4 млн. теңгеге орындалған.
Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында аудан бойынша 2025 жылдың 1 қыркүйегіне 218 жоба 2 млрд. 960,5 млн. теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 109,4 млн. теңгені құрайтын 22 жоба.
Депутаттар Г.Құрманбаева, Ғ.Дүйсекбаев кейбір жобалардың қаржыларына байланысты нақтылау сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Б.Әбдіреева ауданда кәсіпкерлік саласының жылдан жылға дамып келе жатқандығын айта келе, кәсіпкерлік саласының дамуы халықтың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізіп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, депутат Б.Әбдіреева күннен күнге жанар-жағар май мен азық-түлік бағаларының өсуіне байланысты мониторинг жұмыстарын күшейтіп, бағалардың бақылауда болуы туралы ұсынысын білдірді.
Екінші мәселе бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ж.Еспенбет баяндама жасады.
Аудандық қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына 55 шара енгізілген. Іс-шаралар уақытылы ұйымдастырылып, ақпараттандырылған.
Жалағаш ауданы бойынша қоғамдық саяси және діни ахуал тұрақты. Ауданда жаппай наразылық акциясы, бейбіт жиналыстар, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру, конфессияаралық сипаттағы дау-жанжалдар орын алмаған.
2025 жылы БАҚ және интернет кеңістігінде 426 мақалалар шыққан. 2025 жылға ақпарат саласын қолдауға 19,3 млн. теңге қаржы қаралған.
2025 жылға үкіметтік емес ұйымдармен жүзеге асырылатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 7 жобаға 24,7 млн. теңге қаралған.
Сонымен қатар, дін қызметкерлерінің қатысуымен діни-ағартушылық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бір жобаға облыстық дін істері басқармасы арқылы 17,2 млн. теңге бөлінген.
2025 жылдың алты айында үкіметтік емес ұйымдармен 300-ге жуық іс-шара өткізілді.
Аудан көлемінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 16 мешіт бар, оның ішінде аудан орталығында – 2, елді-мекендерде – 14.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында діни экстремизмнің алдын алу бағытында 2 жоба жүзеге асырылған.
Аудан бойынша 110 көрнекі үгіт-насихат құралдары орналасқан.
Депутаттар Ө.Елеусінов, Г.Айтжанова, Қ.Ахетов «QYZYLORDA–ТВ» каналы арқылы көрсетілген түсірілімдер саны туралы, үкіметтік емес ұйымдарға конкурстың өту тәртібі мен қаржысы, әлеуметтік сала бойынша жүргізілетін жобалар, елді мекендердегі билбордтар мен «Жалағаш жаршысы» газетінің қаржыландырылуы туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Е.Боранбаев ауданда қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын, әлеуметтік желілер арқылы ауданда туындаған мәселелер бойынша жауаптары беріліп отырғандығын, Үкіметтік емес ұйымдармен ауданда өткізілген шаралар туралы айтты.
Үшінші мәселе бойынша Жалағаш кенті әкімінің орынбасары Т.Нұрсейітовке және төртінші мәселе бойынша Еңбек ауылдық округінің әкімі Б.Балхановқа депутаттар аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында берілген ұсыныстардың орындалуы туралы сұрақтарын беріп. Өңірлерді дамыту бағдарламасына, көркейту-көғалдандыруға, абаттандыруға кент әкімі аппаратына бюджеттен қаралған қаржы көлемінің жеткілікті екендігін, әрбір ұсыныстың артында сайлаушылар тұрғандықтан, айтылған ұсыныстардың орындалуын қамтамасыз етуді сұрады.
Бесінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы Д.Аяпов хабарлама жасады.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша шешім жобалары бірауыздан қолдау тапты.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталып, депутаттарды Жолдаудың әр тармағын іске асыруға, Президенттің берген әр тапсырмасын орындауға барынша атсалысуға шақырды.