2025 жылдың 9 шілдесінде Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 32-сессия отырысы өтті

2025 жылдың  9 шілдесінде  Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 32-сессия отырысы өтті

2025 жылдың  9 шілдесінде  Жалағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 32-сессия отырысы өтті. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасының өкілеттігін уақытша атқарушы Қ.Досымов ашып, жүргізіп отырды.

Сессия отырысында келесі  мәселелер  қаралды:

  1. Жалағаш кентіндегі кейбір көшелерге атау беру және көшені қайта атау туралы.
  2. Т.Жүргенов ауылындағы атауы жоқ көшелерге атау беру туралы.
  3. Жаңадария ауылындағы көшені қайта атау туралы.
  4. «2025-2027 жылдарға арналған Жалағаш кентінің және ауылдық округ бюджеттері туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер  енгізу  туралы.

Күн  тәртібіндегі  бірінші  мәселеге байланысты кент әкімі М.Жамалатов хабарлама жасады. Хабарламашы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін көшелерге беру туралы  Жалағаш кенті бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы негізінде

1) «Наурыз» учаскесіндегі №1-көшені «Сәрсенбай Ахметов» есімімен атау;

2) «Наурыз» учаскесіндегі №2-көшені «Исатай Әбдікәрімов» есімімен атау;

3) «Жаңа көше» атауын «Жұбатыр Тоқбосынов» есімімен қайта атау туралы аудандық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешім жобасын бекітуге ұсынды.

Депутаттар Г.Құрманбаева пен Қ.Ахетов есімдері көшеге берілетін Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұсынылуы, олардың толық зерделенуі туралы сұрақтарын беріп, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Дүйсенбиева жауаптарын берді. 

Екінші мәселе бойынша Мақпалкөл ауылдық округінің әкімі Б.Тұңғышбаевтың хабарламасы тыңдалды. Хабарламашы Т.Жүргенов елді мекеніндегі 2 көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлері  Шәкен Күнтуаров және Кеңшілік Жылқыбаев есімдерін беру туралы  хабарлады.

Үшінші мәселе бойынша Жаңадария ауылдық округінің әкімі Р.Ақпанбетов хабарлама жасады. Хабарламашы Жаңадария ауылындағы Тұрғын үй-91 көшесін «Құмқала» атауына өзгерту туралы ұсыныс айтып, Құмқала атауының тарихы туралы айтып өтті.

Төртінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы кент және ауылдық округтердің  бюджеттеріне енгізілетін өзгерістер туралы баяндады.

2025 жылға кент, ауылдық округтердің бекітілген өз кірістерінің жылдық болжамы  245 млн.теңге.  Жылдың  6  айында  дербес  бюджеттің  кірістері 172,7 млн. теңге көлемінде жоспарланып, 242,6 млн. теңгеге орындалды немесе 140,5 пайыз,   69,9 млн. теңгеге артығымен орындалған.

2024  жылдың  қорытындысымен  кент,  ауылдық округі әкімі аппараттарының  бюджетінде 11178,0 мың теңге бос қалдық қалыптасқан, дербес бюджеттің өз кірістерін 49145,1 мың теңгеге,  барлығы 60 323,2 мың теңге 2025 жылға  арналған  ауылдық  округі әкімі аппараттарының кірістер жоспарын ұлғайту көзделуде. 

Кент, ауылдық округтері бюджеттерін  60323,2 мың теңгеге  нақтылап, сәйкесінше  тиісті шығыстарына  бағыттау  жоспарлануда.

Кезектен тыс сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер толығымен қаралып, депутаттар тарапынан бекітуге келісім берілді.

Сессия соңында аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов сөз алып, бүгінгі мәслихат сессиясында қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, ауданның әлеуметтік даму көрсеткіштерін атап өтті, депутаттарға алдағы жұмыстарына сәттілік білдірді.

Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасының өкілеттігін уақытша атқарушы Қ.Досымов қорытындылады.