ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2025 жылдың 18 маусымында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстары мен аудан бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыруды қамтамасыз ету барысы туралы мәселелер қаралды.
Комиссия отырысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен балабақша меңгерушілері қатысты. Отырысты аудандық мәслихаттың төрағасы Ө.Елеусінов жүргізіп отырды.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Садықов баяндады.
Жалағаш ауданы бойынша 38 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде (10 мемлекеттік балабақшада-820, 27 жекеменшік балабақшада-1790, 1 мектеп жанынан ашылған толық күндік шағын орталықта – 15) 2625 бүлдіршін тәрбиеленуде.
2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – 88 пайыз болса,оның ішінде 3-6 жаста -100 пайызды құрап отыр.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы 935 орындық 11 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға, 2040 орындық 27 жекеменшік балабақшаға орналастырылған.
2025 жылы 1 балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы әдістеме бойынша ауылда ЖБ-65507 теңге, РБ-10698 теңгені құраған, 2025 жылдың маусым айынан бастап ЖБ-51836 теңге болады. Осыған байланысты келісім шарттар қайта жасалынатын болады. Ата-ана төлемақысы 5000-нан 7000-ға дейін.
Мәслихат депутаты Ғ.Дүйсекбаев балабақшаларға ауыз суға төлем жасауға есептегіш құралдардың көрсеткішін алуға барғанда, жеке балабақшалардың ішке кіргізбейтіндіктерін жеткізіп, коммуналдық төлемдердің уақытылы төленуі қажет екендігін айтты. Аудан бойынша барлық балабақшаларды зерделеуге мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы, санитарлық-эпидемиолгоиялық бақылау басқармасы қызметкерлерін қосып, комиссия құруды ұсынды.
Сонымен қатар депутаттар Ө.Елеусінов, Г.Айтжановалар Жаңадария елді мекенінде жаңа балабақша ашылуы туралы, кент орталығындағы балабақшалардың газ жүйесіне ауыстырылуы туралы, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішінің 88% орындалу себебі туралы, М.Шәменов ауылындағы №18 бөбекжай бақшасының ғимаратын жөндеуге байланысты қабылданған шаралар туралы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен 2025 жылдың 5 айында тексерілген балабақшаларда орын алған кемшіліктердің орындалуы туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Айымбетова сөз алып, типтік жобада- 11, қалғандары бейімделген балабақшалар екендігін, балабақшалардың санитарлық-техникалық жағдайлары туралы, оның ішінде сын көтермейтін балабақшалар туралы айтып өтті.
Сондай-ақ, «Зейнеп» жеке балабақшасының өкілі Ж.Баймаханова мектепке дейінгі ұйым ашу үшін СЭС басқармасының қорытындысын беру кезінде балабақшалардың алдындағы ойын алаңдарының көлемі талаптарға сай болу мәселесін ескеруді ұсынды.
Жайылымдарды басқару мәселесі бойынша аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Дәрібаев хабарлама жасады.
«2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №28-18 шешімі қабылданған. Ауыл шаруашылығы жануарлары үшін қажетті жайылым алаңы мүйізді ірі қара малы үшін 11,0 га, қойға 2,2, жылқыға 14,0, түйе малы үшін 15,5 гектардан алынған. Жоспарды әзірлеу кезінде әр ауылдық округтің географиялық орналасуы, жайылымдар көлемі, ауыл шаруашылығы малдарының саны назарға алынып, жоспар әр ауылдық округ бойынша дербес дайындалған.
Жайылымдарды пайдалану ұзақтығы 170-180 күн. Жайылымдық алқаптардың орташа өнімділігі-10,5 ц/га құрайды.
Аудан бойынша елді мекен жерлері 42760 га, шаруашылықтардың мал жайылымы 205029,8 га, халық қажеттілігі үшін пайдаланылып отырған мал жайылымы 35057 га құрайды. Жоспарда жетіспейтін жайылымдық жерлерді қамтамасыз ету мақсатында малдар Қарақұм, Қызылқұм мал жайылымына шығарылады және қазан-наурыз аралығында округ аумағындағы босаған егіс алқаптарына жайылады деп есептелінген.
Өз кезегінде мәслихат депутаттары Ө.Елеусінов, Г.Айтжанова елді мекендердегі 10 шақырым радиустағы жерлердің қайтарып алынуы туралы, Аққұм ауылдық округі әкімінен Аққұм ауылындағы жайылымдық жері, жылқы малының саны, жайылымдық жердің жеткіліктігі туралы, Қаракеткен ауылы тұрғындарының жайылымдық жерге байланысты берген ұсыныстары туралы хабарламашыға сұрақтар қойып, жауаптарын алды.
Комиссия отырысын төраға Ө.Елеусінов қорытындылап, бүгінгі отырыста қаралған мәселелер бойынша депутаттардың ұсыныстары толығымен хаттамаға түсіріліп, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.