КЕЗЕКТІ СЕССИЯДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

КЕЗЕКТІ СЕССИЯДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

КЕЗЕКТІ СЕССИЯДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Ағымдағы  жылдың 4 маусымында Жалағаш аудандық мәслихатының кезекті 31-сессия отырысы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауыл округі әкімдері, бөлім, мекеме басшылары және  БАҚ өкілдері қатысты. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып, жүргізді.

Сессия отырысында келесі  мәселелер  қаралды:

  1. Жалағаш ауданы бойынша автомобиль жолдарын, елді мекендердің көшелерін дамыту, күтіп ұстау және жолаушыларды тасымалдау жұмыстарының жайы туралы.
  2. Ақсу ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен  міндеттерін орындауы туралы есебі.
  3. Жаңаталап ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен  міндеттерін орындауы туралы есебі.
  4. Жаңадария ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен  міндеттерін орындауы туралы есебі.
  5. «2025-2027 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №28-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
  6. Жалағаш аудандық мәслихатының  жұмыс  жоспарын  бекіту туралы.
  7. Жалағаш аудандық мәслихатының депутаты Д.Құдабаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы.

         Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты Жалағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Ербол баяндама жасады.

Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 234,6 шақырымды құрайды. Оның 50 шқ республикалық, 60,6 шқ облыстық және 124,0 шқ аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 113,7 шақырымы немесе 92% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 10,3 шақырымы немесе 8% қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Аудан бойынша ұзындығы 242 шақырымды құрайтын 223 көше бар. Оның 201,2 шақырымы немесе 83% қанағаттанарлық, 40,8 шқ немесе 17% қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Ауданымызда 2024 жылы жол құрылысы бойынша 1 млрд. 293,4 млн. теңгеге 16,0 шақырым құрайтын 5 жоба іске асырылды.

Бөлінген қаржының 305,1 млн. теңгесіне 1,3 шқ құрайтын М.Шаменов ауылына кіре беріс аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қалған 988,3млн.теңгеге 4 елді мекеннің 15,3 шқ құрайтын 16 ішкі көшелері жөндеуден өткізілді. (Аққұм ауылы- 8 көше, Есет батыр ауылы- 5 көше, Бұқарбай батыр ауылы- 2 көше, Таң ауылы- 1 көше).

2025  жылы ауданның жол саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы – 1 млрд 731,3 млн. теңге бөлінді.

Бөлінген қаржы шегінде ұзындығы 2,3 шақырым құрайтын аудандық маңызы бар «Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолы, Жалағаш кенті және 6 елді мекеннің  21,0 км құрайтын 38 көшесі жөндеуден өткізілетін болады.

          Депутаттар Ө.Елеусінов, Г.Құрманбаева, Ғ.Дүйсекбаев, Қ.Ахетов, Г.Айтжанова қала аралық, аудан аралық такси қызметін орталықтандыру, диспетчерлік пункт ашу туралы, Жаңаталап-Аққыр, Ағарық-Жаңадария аралығындағы жаңадан төселген асфальт жолының сапасы, қыс мезгілінде қар жауғанда Бұқарбай батыр мен Жалағаш кентінің аралығындағы асфальт жолына тұз, құм себу жұмысы туралы,   Мәдениет ауылына кіреберістегі «Пірман», «Қорқытбай» каналдарының көпірлері, кенттегі күрделі жөндеуден өтетін  11 көшенің мәселесі, Ақсу ауылындағы  «Ақсу-Беркімбай кәлпе» жолы туралы  сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

         Сондай-ақ, мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов  «Казпошта» ғимаратының 2-3 қабатында орналасқан мекемелерге газ кіргізу жөнінде және Дәуімбай елді мекенінің №202 мектепке дейінгі жолдың жиегіне  жаяу жүргіншілерге арналған (тротуар) жол салу жөнінде ұсыныс білдірді.   

Екінші мәселе бойынша Ақсу ауылдық округінің әкімінің міндетін атқарушы А.Хамитов баяндама жасады. Депутат Г.Құрманбаева басқа ауылдарға қарағанда Ақсу ауылында көркейту-көгалдандыру жұмыстары дамымай қалғандығы жөнінде айтты. Бұл мәселеге байланысты мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов Ақсу ауылындағы шаруашылық басшыларымен, инвесторларымен тығыз жұмыс жасап, демеушілік есебінен мәселелерді шешуді ұсынды. 

Үшінші  мәселе байланысты Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Қ.Әбдіхалықов баяндама жасады. Депутаттар Г.Құрманбаева, Қ.Досымов, Қ.Ахетов ауылдағы скважина, аяқ су, қызметтік тұрғын үй мен бос тұрған ескі әкімі аппаратының ғимараты туралы сұрақтарын қойды.

Төртінші мәселе бойынша Жаңадария ауылдық округінің әкімі Р.Ақпанбетов баяндама жасады.

Бесінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы хабарлама жасады. Аталған мәселе тұрақты комиссияның бірлескен отырысында жан-жақты талқыланды.

Алтыншы мәселеге байланысты аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылдың II-жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.

Жетінші мәселе бойынша аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ш.Қалыбаев  аудандық мәслихатының депутаты Д.Құдабаевтың өзінің өтініші негізінде  денсаулығына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жалағаш ауданының аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен таныстырды.

Сессияда қаралған мәселелер бойынша шешім жобалары бірауыздан қолдау тапты. Аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов биылғы жылы бюджет кодексіне енгізілген өзгерістермен таныстырып, алдағы міндеттер туралы қысқаша айтып өтті.

Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.