Әрбір азамат мемлекеттік қызметке кандидаттармен әңгімелесу барысын бақылай алады

Әрбір азамат мемлекеттік қызметке кандидаттармен әңгімелесу барысын бақылай алады
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет жалпыға бірдей қол жетімділік және қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша жоғарылату қағидаттарына негізделеді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеудің барлық кезеңдерінің барынша ашықтығы мен айқындылығы заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілді: тестілеу залдарында үздіксіз бейнежазба жүргізіледі, сондай-ақ әрбір кандидатпен әңгімелесу, эссе жазу және өзге де іріктеу құралдары бейнежазба құралдарымен белгіленеді. Кандидаттың келісімі болған жағдайда әңгімелесуді интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде онлайн-трансляциялауға жол беріледі.
Сонымен қатар, жариялылық қағидатын жүзеге асыруда байқаушылыққа ерекше назар аударылады. Бүгінгі күні бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурстар байқаушылардың қатысуымен өткізіледі.
Конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде жасы он сегізден кем емес Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Бұл үшін әңгімелесу басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірмей конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген телефон немесе электрондық пошта арқылы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) хабардар етуге болады. Осы хабарландырулар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпараттық ресурсында (жұмыс орындары бөлімі) орналастырылады.
Конкурс комиссиясының хатшысы байқаушы өзінің құқықтары жөнінде хабардар болуы үшін әңгімелесу басталғанға дейін оларды жадынамамен таныстырады. Байқаушылардың конкурсқа қатысушылардың құжаттарымен танысуға, әңгімелесу өткізу барысына баға беруге, конкурс комиссиясының жұмысы туралы өз пікірін білдіруге мүмкіндігі бар.
Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар туралы хабарландырулар:
https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/vacancies/1?lang=ru&fbclid=IwAR10xH-lpJWv--lhlpLtNYFz1BqgzXDgtvfE-ZssApoIFkU012KjkbRbuoQ