2025 жылғы 22 қыркүйекте Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жақсы ауданына келді

2025 жылғы 22 қыркүйекте Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жақсы ауданына келді

2025 жылғы 22 қыркүйекте Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жақсы ауданына келді. Сапар аясында бірқатар әлеуметтік, спорттық және медициналық нысандардың қызметімен танысты, сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Сапар барысында алғаш болып Жаңа Қийма ауылында орналасқан Т. Уәлиев атындағы спорт кешеніне барды. Аталған нысан «Агрофирма TNK» ЖШС-нің демеушілігімен салынған. Спорт кешенінде бокс, күрес, волейбол және өзге де ойын түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Қазіргі уақытта мұнда үш ауылдан келген 160 мектеп оқушысы тұрақты түрде жаттығады. Кешен ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі Жақсы аудандық ауруханасы жанынан ашылған «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығына барды. 2024 жылғы қараша айында пайдалануға берілген орталық нейро-ортопедиялық патологиялары бар балаларға арналған және қазіргі таңда облыстың жеті ауданынан келген емделушілерге қызмет көрсетіп келеді. Бас дәрігер Э. Нуралинаның мәліметінше, орталықта осы уақытқа дейін 98 бала оңалтудан өткен, ал 540 бала амбулаториялық көмек алған.

Облыс әкімі көрсетіліп жатқан қызмет сапасына оң бағасын беріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – өңірдің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.