
Бүгін Орал қалалық мәслихатының кезекті XXVIII сессиясы өтіп, қала мен оған қарасты елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаржылық тұрақтылығына және алдағы кезеңдегі басым бағыттарына қатысты маңызды мәселелер қаралды.
Сессия барысында Орал қаласының, Желаев ауылдық округінің, Зачаган, Круглоозерный және Деркөл кенттерінің 2025 жылғы бюджеттерінің атқарылуы бойынша қорытындысын тыңдалды.
Сонымен қатар, 2026 жылға арналған қала және оған қарасты кенттер мен ауылдық округ бюджеттерін нақтылау мәселесі қаралып, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған қаржылық басымдықтар айқындалды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі - 2026-2030 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны бекіту болды. Бағдарлама қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды тиімді басқару жүйесін жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсаттарын көздейді.
Сондай-ақ жер қатынастары саласына қатысты мәселелер талқыланып, жер комиссиясының жұмысы қаралды. Бұдан бөлек, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылданды.
Сессия барысында депутаттар көтерілген мәселелер бойынша өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
Қабылданған шешімдер қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, бюджеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз етуге және Орал қаласының тұрақты дамуына бағытталып отыр.