2025 жылғы 6 қазан күні Орал қалалық мәслихатының бюджет, қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы көшпелі отырыс өткізді. Іс-шараға «Жайықжылуқуат» АҚ, мердігер ұйым «Aspan Holdings» ЖШС және техникалық қадағалау қызметінің өкілдері қатысты.
Көшпелі отырыс барысында комиссия мүшелері ТМ-2 коллекторынан ТК-10 жылу камерасына дейінгі учаскеде жүргізіліп жатқан реконструкция жұмыстарымен танысты. Аталған жоба ТЭЦ ауданынан бастап «City Center» сауда орталығы маңына дейінгі аумақты қамтиды.
Жобаның тапсырыс берушісі — Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Жұмыстарды жүргізу мерзімі 2025 жылғы мамыр-қараша айлары аралығын қамтиды.
Көшпелі отырыс барысында депутаттар нысандағы жұмыстардың барысын қарап, мердігер мен қадағалау органдарына өз сауалдарын қойды. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Отырыстың қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністікке келіп, іскерлік атмосферада жұмыс жүргізу қажеттілігі атап өтілді.