Мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы – халық. Қоғамды демократияландыру жұмысында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде, өздерін көрсете білді. Тәуелсіздігімізбен бірге толысып, ел мен биліктің арасында алтын көпір болып, елмен етене араласып, жұртпен жұмыла қызмет еткен мәслихат депутаттары өздеріне жүктелген міндеттерімен қатар сайлаушыларының аманатын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуы үшін, қажырлы еңбек етіп келеді. (Сәл шегініс жасап, тарихқа көз жүгіртсек)
Егемендігімізді алғаннан кейін, Мемлекет басшысы атқарушы билікпен бірлесе жұмыла жүк көтеріп, еліміздің әл ауқатын көтеруге тиісті биліктің тағы бір тармағы қажет деп санап, мәслихаттарды құру туралы шешім қабылдаған болатын.
Ықылым заманнан бері ата – бабаларымыз кез келген мемлекеттік, рулық тіптен отбасылық келелі мәселелерді мәслихаттасып, яғни елдің билері мен байларын, белді де белсенді азаматтарын қатыстыра отырып, ақылдасып шешкен. Биліктің осы тармағының мәслихат атауын алуы да осыдан болса керек.
Осыған орай 1993 жылдың 10 желтоқсанында «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл Заң Қазақстан Республикасының жоғарғы Кеңесімен жергілікті мемлекеттік органдардың құрамын және атауын өзгертіп қоймай, облыс, аудан, қала аумағындағы халықтың өкілді органы – мәслихат депутаттар жиналысын қалыптастырды. 1994 жылдың 7 наурызында жергілікті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлау өткізілді.
Биыл мәслихаттарға 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында 8 рет сайлау өткізіліп, халық өз таңдауларын жасады. Бірінші шақырылымда аудандық мәслихаттың құрамы 25 адамнан болып, алғашқы сессиясын 2 сәуір 1994 жылы ұйымдастыру мәселесімен ашып, аудандық мәслихаттың хатшысы қызметіне (мәслихаттың басшысы – хатшы деп аталды) білімді де білікті, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, Батталов Марс Арупұлы бірауыздан сайланды. Алайда 1996 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануына байланысты мәслихат хатшысы болып Сеитов Абдужелил Авакриұлы сайланды.
Бірінші сайланған аудандық мәслихаттың қызметі еліміздегі терең қайта құрулар мен, атқарушы және өкілді органдардың жаңа құрылымын қалыптастыру кезеңімен тұспа тұс келді. Аудан бюджеті 19 млн теңге болып бекітілді.
Мәслихат аппараты құрылып, оның жұмысын жүргізу бас маман Асаубаев Ыбырай мен Иминов Турсунға бұйырды.
1999 жылдың 10 қазан күні ІІ шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті сайлауы өтті. Мәслихат депутаттарының саны 25 тен 14 ке дейін қысқарды. Аудандық мәслихаттың хатшысы қызметіне Турсунов Тельман Турсунұлы сайланды.
2003 жылдың қыркүйек айында ІІІ шақырылған мәслихат депутаттарының сайлауы өткізілді. Депутаттар құрамы 50 пайызға жаңарды. Мәслихат хатшысы болып Мушрапилов Адилжан Абукұлы сайланды.
2007 жылдың тамыз айында ІV шақырылған мәслихат депутаттарының сайлауы болды. Мәслихат хатшысы болып Нұров Мәулен Мұқажанұлы сайланды.
2012 жылдың қаңтар айындағы V шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының сайлауында депутаттар корпусы 60 пайызға жуық жаңарды. Мәслихат хатшылығына мен сайландым.
2016 жылдың наурыз айында VI шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы болды. Мәслихат хатшылығына мені 2-ші рет сайлады.
2021 жылдың қаңтар айында VII шақырылған аудандық мәслихаттың сайлауы жаңа форматта өтті. Партиялық тізіммен сайланды. Мәслихат хатшысы болып үшінші мәрте сайландым.
2022 жылдың қазан айынан бастап хатшы лауазымы төраға болып өзгертілді.
2023 жылдың наурыз айында VIII шақырылған аудандық мәслихаттың сайлауы бір мандатты жүйеде өтті. Депутаттық корпус 60 пайызға жуық жаңарды. Аудандық мәслихаттың 14 депутатының 12-сі «Amanat» партиясының мүшелері, ал екеуі өзін – өзі ұсынғандар болды. Депутаттардың басым көпшілік даусымен мәслихат төрағасы лауазымы маған бұйырды.
Тарихи 30 жылдың ішінде мәслихат депутаттары елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуы үшін маңызды 2500-ге жуық шешім қабылдаған. Атап айтқанда, аудан бюджетін бекіту және оның тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау, шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпкерлікті дамыту, экономиканың аграрлық секторында аудан халқын өзін – өзі азық түлікпен қамтамасыз ету, жекешелендіру жөніндегі ұлттың мәселе жұмыспен қамту, алымдар мен салықтарды белгілеу, халық денсаулығын сақтау, зейнетақы мен балаларға төленетін жәрдемақылардың төленуі, бюджет кірістерін молайту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мектептерде медициналық кабинеттер ашу, дарынды балалармен жұмыс, қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру, отандық және шетелдік инвесторлар арқылы инвестиция тарту. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға жеке шаруашылық жүргізу үшін мал, тұқым сатып алуға, жекеменшік іс ашуға, кәсіптік оқудан өткендерге әлеуметтік көмек көрсету Ережелерін бекітті. Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін «Ауыз су» бағдарламасын іске асыру үшін сметалық жобалау құжаттарына үнемделген бос қаржыны бағыттау, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, жас мамандарды шақырту және оларды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті нығайту, учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру. Бәсекеге қабілетті ауылшарушылық өнімдерін жетілдіру, шаруа қожалықтарының несие алуымен қатар лизингтік әдіспен техника алуға көмектесу, карантиндік объектілерден қорғау, таралу ошақтарын анықтау және жою. Балапан бағдарламасы, жергілікті жолдарды жөндеу, ауылдарды абаттандыру мәселелерін шешуде атқарушы билікпен қолы қолтық жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткізілді. Мемлекеттегі қоғамдық – саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, ірі саяси реформаларда жүзеге асырылып отырады. Осыған орай, мемлекет басшысының 2013 жылғы №55 Жарлығына сәйкес, ауыл әкімдерін сайлау аудандық мәслихат депутаттарының құзырына берілді. Сайлаудың өз деңгейінде өтуіне ел ертеңіне бей жай қарамайтын,әрбір халық қалаулысы аса жауапкершілікпен атсалысты. Себебі ауыл әкімінің алдағы жұмысындағы кемшілік депутаттық корпусқа сын болуы анық болғандықтан, әкімдер сайлау алдында бағдарламаларын таныстырудан бастады, ал депутаттық корпус сұрақ қоя отырып, үміткердің сауаттылығын да ескере отырып, өз қалауларын жасады. 2013 жылдан 2021 жыл аралығында 24 ауыл әкімін сайланды.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:
«Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың ролін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн, - деп атап өткен болатын. Осыған орай бүгінде бұрынғы мәслихат хатшысы лауазымы мәслихат төрағасы болып өзгерген.
Бұрын облыс әкімі лауазымына Президент ұсынған бір ғана кандидатураға тек облыстық мәслихаттың депутаттары ғана келісім беретін. Бүгінде, Мемлекет басшысы өзі ұсынған, кем дегенде екі кандидатурасына осы өңірге қатысты, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қарау нәтижесін ескере отырып тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтың бәрі Парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
2023 жылдың 19 сәуірінде Астана қаласында тұңғыш рет барлық деңгейдегі атқарушы билік пен өкілетті билік басшыларының алқалы басқосуында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламаның даярланып жатқанын айта келе, нақты алдағы 10 тапсырмаға жеке жеке тоқталды.
Қос биліктің негізгі қызметі халықтың әл – ауқатын жақсарту екендігін, сол үшін аянбай еңбек етіп, ел сенімін арттыру негізгі мәселе екендігін қадап айтты. Өкілетті биліктің бұндай алқалы басқосуға қатысуы үлкен жауапкершілікті сезінумен қатар мәслихаттар құзіретінің өскендігін білдіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік – аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды», - деп көрсетілген.
Мәслихат өз өкілеттігін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің және Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асырады. Мәслихат өз қызметінде қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Аудандық мәслихат қызметінде тұрақты комиссиялардың жұмысы да ерекше маңызға ие. Депутаттардың жұмысындағы ең маңыздысы, олардың сайлау округтерінде орындаған тиімді жұмыстары болып табылады. Сондықтан аудандық мәслихат депутаттары өздерінің депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында әрбір округтер мен «Amanat» партиясының аудандық филиалында белгіленген кестеге сай азаматтарды қабылдайды.
Халық қалаулылары өздерінің депутаттық міндеттерін орындау барысында өз сайушыларымен кездесіп, жеке қабылдауларды өткізеді. Атқарған жұмыстары туралы жылына бір рет сайлаушылары алдында есеп береді.
Мәслихат қызметінің негізгі нысаны – сессия. Әрбір сессияны дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары мәслихаттың регламентіне, сессияларды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімі жанынан құрылған консультативтік – кеңесші органдар мен комиссиялар құрамында маңызды мәселелерді шешуге атсалысуда.
Аудандық мәслихат өз қызметінде ең өзекті, әлеуметтік маңызды мәселелерге ерекше назар аударады. Сонымен қатар, аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепті, облыстық тексеру комиссиясының аудандық бюджеттін игерілуі туралы есебін бекітеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы «Әкімдердің мәслихаттар алдындағы есеп беруін өткізу туралы» №19 Жарлығына сәйкес, ауылдық округ әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөніндегі есептерін тыңдайды, тиісті шешімдер қабылдайды. Аудан әкімінің лауазымына келісім береді. Ауданның және 14 ауылдық округтердің бюджеттерін бекітіп, оның орындалуын қадағалайды. Аудандық мәслихат депутаттары ауданда өткізілетін қоғамдық және қайырмдылық іс шараларға белсене араласады. Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясына біркісідей атсалысуда.
Депутат – халық қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жеткізіледі. Ал атқарушы билікке депутаттық сауалдар сияқты формаларды кеңінен қолданады.
Мәслихат жұмысын үйлестіретін мәслихат аппараты. Алғашқы құрылған мезгілден бастап мекеме қызметкері болған азаматтар мәслихат тарихында қалатын болады. Олар: Асаубаев Ыбырай, Иминов Турсун, Сартолов Қанат, Османов Өмаржан, Амангельды Муслим, Даутова Алинур, Курбаниязова Ранум, Сетвалдиев Нариман, Ибрагимов Турлин, Әкіш Жанат, Мондыбаева Гаухар, Құныпияев Данекер, Муратова Сая.
Бүгінгі күнде Манапова Арзигуль – аппарат басшысы, Ашимова Гулямхан, Сайден Аида, Ишкуллаев Данияр, Нұрахмет Айбек – бас маман болып қызмет атқарады. Қабылданған нормативтік – құқықтық актілердің құқықтық мониторингі тұрақты жүргізіліп отырады. Аудандық мәслихат аппараты өз жұмысын тиісті заңдарға және мәслихаттың регламентіне сай жұмыс жасайды.
Халық аманатын арқалаған, және оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған халық қалаулылары мен аппарат қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдірем. Мәслихаттың 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын!
Аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Есжан