2025 жылғы 9 сәуір күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс он алтыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды таныстырып, сессия алдында «Облыстағы уран өндіруге бөлінген жер учаскелері, экологиялық жағдай және кәсіпорындардың әлеуметтік-экономикалық дамуға төлемдері туралы» маңызды мәселені қарап өтуді ұсынды.
Аталған мәселе бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков баяндама жасады.
Нақтырақ айтсақ, бұған дейін облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлының өкімімен уақытша депутаттық комиссия құрылып, уран өндіретін мекемелердің жұмысымен танысқан болатын. Сондай-ақ, 2023 жылы сессия отырсында жасалған келісім-шарттарды қайта қарап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына төленетін төлемдерді инвестиция көлемінен 2 пайызға ұлғайту ұсынылған.
Бүгінде аталған ұсыныс уран өндіретін компаниялар тарапынан қолдау тауып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына төлемдерді 1 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтып отыр. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға өзгертулер енгізу жұмыстары жүргізілуде.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков бұл жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғанын жеткізді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлемдегі уран өндіретін компаниялардың ішіндегі көшбасшысы – «Қазатомпром» басшылығына бірқатар ұсыныс айтып, Түркістанды түлетуге, әлеуметтік жобаларға атсалысуға шақырды. Әлемдік өндірістің 40 пайызы осы компанияға тиесілі екенін айтты. Сондай-ақ, кадрларды даярлау бойынша оқу ордасын салып, білікті мамандарды шығаруға болатынын айтты.
Кейіннен сессия жұмысы басталды. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясының жұмысына облыс әкімі Н.Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде 1 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №14/180-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.
Депутаттар басқарма басшысына сұрақтар қойып, тиісті шешім қабылдады.
Өз кезегінде облыс әкімі Н.Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.