
2026 жылғы 29 қыркүйекте Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Отырысқа облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары және күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Бірлескен тұрақты комиссиялардың отырысын Алмас Салимов жүргізді.
Отырыстың күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру, қоғамдық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, жер қатынастары және жергілікті басқару салаларына қатысты бірқатар маңызды мәселелер енгізілді. Қаралған мәселелердің барлығы өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындардың мүддесін ескеруге бағытталды.
Атап айтқанда, депутаттар «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесін қарады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділ Бектұрғанов баяндама жасады.
Сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігі жанындағы білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңестің құрамын бекіту мәселесі талқыланды. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, кеңестің жұмысына қатысты негізгі мәселелерді таныстырды.
Бұдан бөлек, «Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 9 желтоқсандағы №44/477-VI шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады.
Отырыста елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы мәселелерге де назар аударылды. Атап айтқанда, «Түркістан облысы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын, Түркістан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 10 шілдедегі №4/50-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе талқыланды. Бұл бағыт бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасады.
Сонымен қатар экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Түркістан облысы бойынша жоспарға өзгеріс енгізу мәселесі қаралды. Аталған жоспар Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы №14/192-VIII шешімімен бекітілген. Мәселе бойынша да Тоқтар Усубалиев баяндама жасап, жоспарға ұсынылып отырған өзгерістерді таныстырды.
Бірлескен отырыс барысында сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма жетінші сессиясының жұмысшы органдарының құрамына қатысты ұсыныстар да қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, талқыланған мәселелерді облыстық мәслихат сессиясының қарауына енгізуді ұсынды.