
Cегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясы өтті.
Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Н.Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңес төрағалары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде 27 маңызды мәселе қаралды.
Күн тәртібінде қаралған Түркістан облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы мәселе депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешім қабылданды.
Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік мекемелердің есептері тыңдалды. Мәселен, облыс әкімдігінің және тексеру комиссиясының облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері, сондай-ақ Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, дін істері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармалары басшыларының есептері тыңдалды.
Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдері қалаға және ауданға республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар туралы мәлімет берді.
Депутаттар мемлекеттік орган басшыларының есептері бойынша шешім жобаларына жұмысты одан әрі жандандыру туралы нақты ұсыныстарын енгізді.
Бұдан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгеріске келісім берілді және облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қолдау тапты.
Жалпы, сессия жұмысында қаралған барлық мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
Өз кезегінде облыс әкімі Н.Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.