
2026 жылғы 30 сәуір күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өтті.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма екінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Н.Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді.
Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
«2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы №20/268-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жаппар Күмісбек Еркінбекұлы баяндама жасады.
Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Тұрысбеков Мағауия Сексенбайұлы комиссия қорытындысымен таныстырып, депутаттар тиісті шешім қабылдады.
Сонымен қатар, депутаттар Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгеріске келісім беріп, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI шешіміне толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Өз кезегінде, облыс әкімі Н.Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.