ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ «АҚЖАЙЫҚ» МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ «АҚЖАЙЫҚ» МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық мәслихат депутаттары Алмас Сәлімов, Инара Намазбаева, Жанар Темірбекова «Ақжайық» музыкалық мектебінің жұмысымен танысты. 100 балаға арналған мектеп 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қазіргі таңда мектепте 25 жоғары және арнаулы орта білімді кәсіби мұғалім жұмыс істейді. Музыкалық мектептің жас өнерпаздары ұлттық және еуропалық музыка аспаптары бойынша оқытылады.

Атап айтқанда, дәстүрлі ән, домбыра, қобыз, жетіген, баян, соқпалы аспаптар, сондай-ақ фортепиано, скрипка, саксофон, флейта бағыттары қамтылған. Оқушылар академиялық вокал, сольфеджио, музыка әдебиеті, оркестр, ансамбль және хор сабақтарынан жан-жақты музыкалық білім алуда.

Оқушылардың шығармашылық қабілетімен танысқан мәслихат депутаттары балаларға сәттілік тіледі. Арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға халық қалаулыларымен бірге қатысқан ҚР еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы жас өрендердің өнеріне жоғары баға берді.

Жиынды қорытындылаған Нұралы Әлмаханұлы «Ақжайық» музыкалық мектебінің ұжымына сәттілік тілеп, оқушыларға шығармашылық табыс тіледі. Мектеп директорының м.а. Сырым Айсынов өз ұсынысын білдіріп, музыкалық аспаптар сатып алуға қолдау көрсетуді сұрады. Ал облыстық мәслихат депутаттары Инара Намазбаева мен Жанар Темірбекова депутаттық сауал жолдау арқылы бұл мәселенің оң шешілуі үшін тиісті шаралар атқарылатынын жеткізді.

Айта кетсек, мектепте оқушылар домбыра, қобыз, жетіген, ән терме, вокал, соқпалы аспаптар, саксофон, баян және флейта бойынша 5 жыл білім алса, фортепиано және скрипка аспаптары бойынша оқу             7 жылға созылып, аяқталғаннан кейін куәлік беріледі.

Бүгінде оқушылар саны жыл сайын артып, 2020–2021 оқу жылындағы 68 оқушыдан 2025–2026 оқу жылында 201 оқушыға жетті. Былтыр алғашқы түлектер оқуын аяқтап, 34 оқушыға куәлік табысталды.

 

Түркістан облыстық мәслихаты