Түркістан қаласы жаңа жылдық мерекелік көңіл-күйге бөленді! Әкімшілік іскерлік орталықта, Нұрсұлтан Назарбаев аллеясының алдында орналасқан бас шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды. Бұл маңызды шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы және қалалық мәслихат депутаттары арнайы қатысып, тұрғындарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Шара дәстүрлі түрде тек ресми рәсіммен ғана шектелмей, нағыз мерекелік думанға ұласты. Түрлі музыкалық қойылымдар, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық бағдарламалары мен мерекелік әндер тұрғындардың көңілін көтерді. Шырша шамдарының жарқырауы Түркістанның тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа жылдың жақындап қалғанын айшықтай түсті.
Қаланың басты шыршасы алдағы күндері қала тұрғындары мен қонақтарын қуантатын негізгі безендірудің символына айналып отыр. Түркістанның аспанына жарқыраған шамдар мен мейірім шашқан көңілдер жаңару мен үміттің белгісіндей әсер қалдырды.