Бүгін Фараб кітапханасында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған "Түрленген, Гүлденген Түрістан" атты ақындар айтысы болып өтті. Аламан айтыстың ашылу салтанатына арнайы қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы қатысып, алғы сөз сөйлеп, “орақ тілді, от ауызды” адуынды ақындарға сәттілік тіледі.
- “Қазақ руханиятында айтыстың орны ерекше. Бүгінгі аламан айтысқа қатысушы суырып салма ақындарға сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта айтысты дәстүрлі түрде өткізуге бар жағдайды жасайтын боламыз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, айтыс өнеріміз асқақтай берсін” - деді Ғаппар Амантайұлы.
Айтысқа еліміздің әр аймағы мен қалаларынан 6 жұп қатысты. Талай додада топ жарып, жалынды жырларымен тыңдарман көңілін қош еткен дүлдүлдер бұл жолы да аянған жоқ. Додада рухани астанамыз, Түркістан шаһары туралы тұшымды шумақтар айтылып, бұқараның жетістігін жырлағандар топ жарды. Нұрмат Мансұров, Жансая Мусина, Айым Асылбекқызы, Мөлдір Айтбаева, Аян Ниязбек, Нұрмахан Жақыпбек, Даурен Ысқақ сынды айтыскер ақындар қатысты.
Өлең құдіретін қаламында ойнатып, ұлықтаған ақындар айтысы биік дәрежеде өтті. Тыңдарман дән риза болып, ақтық сынға жейін табжылмай тамашалап отырды. Нәтижесінде қара қылды қақ жарған ақындар жүлделі орындарға ие болды. Атап өтетін болсақ, бас жүлдені Дәурен Ақсақалов жеңіп алды. Бірінші орын Нұрмат Мансұровқа бұйырды. Сонымен қатар, ақындарға Көпбай Омаров атындағы жүлде, Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде мен Тәушен Әбуова атындағы жүлделерде табысталды.