
Қоғамдық кеңес төрағасы Сүлеймен Тұрсынбайұлы мен кеңес мүшелерінің қатысуымен кезекті отырыс өтті.
Жиын барысында қала өміріне қатысты маңызды мәселелер кеңінен қаралып, сала өкілдерінің есептері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы. СЭС басшысы Рабат Нұрбақыт 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша жан-жақты есеп беріп, халықтың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген шараларға тоқталып , 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар мен алдағы міндеттерді таныстырды.
Ветеринария саласының өкілі Сабит Есіркеп саладағы өзекті мәселелерді көтерсе, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлік бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті. Ал «Түркістан Су» мекемесінің өкілі Сейілбек Дайрабаев коммуналдық қызмет көрсету сапасына қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ қаладағы жеке емханалар тарапынан денсаулық сақтау саласындағы бірқатар түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмады.
Талқылау барысында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу өтіп, нақты ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Көтерілген мәселелердің маңыздылығы атап өтіліп, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылды.
Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес қалалық СЭС басқармасының 2025 жылы атқарған қызметін қанағаттанарлық деп бағалап, алдағы уақытта да жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.