Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысты Қоғамдық кеңес төрағасы С. Арыстанов төрағалық етіп ашып, жүргізді.
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 5 және 6-баптарына сәйкес Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізуге, сондай-ақ олардың есептерін тыңдауға құқылы.
Осыған орай, отырыстың күн тәртібінде қала мектептерінің қызметіне қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының жалпы жағдайы, азаматтардан келіп түскен шағымдар мен жүйелік мәселелер талқыланды. Сонымен қатар қаржыландыру мен кадр саясаты, мектептердегі оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы назарға алынды.
Бұдан бөлек, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының іске асырылуы, тәрбие сағаттарының өткізілуі, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстар, қосымша үйірмелер мен секциялардың қызметі, сондай-ақ тәрбиелік іс-шаралардың мазмұны қаралды.
Отырыста оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қамтылды. Атап айтқанда, мектеп ішіндегі тәртіп, бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеуі, күзет қызметінің ұйымдастырылуы, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары бойынша пікірлер айтылды.
Сонымен қатар инклюзивті білім беру, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау мәселелері бойынша ұсыныстар мен тұжырымдар жасалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті ұсынымдар қабылданды.