ТҮРКІСТАНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРМЕН “ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП” ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРМЕН “ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП” ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
 
Бүгін Түркістан қаласында жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ тәрбие мен білімнің маңыздылығын түсіндіру мақсатында “Заң және тәртіп” тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев, Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бақытжан, сондай-ақ Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев қатысып, Жамбыл Жабаев атындағы №11 және Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектептердің оқушыларымен және педагогикалық ұжымымен жүздесті.
Кездесу барысында спикерлер заң талаптары, құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері жөнінде кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, білім мен тәрбиенің қоғам дамуындағы рөліне ерекше назар аударылып, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықтық мәселелер мен олардың алдын алу жолдары жан-жақты айтылды.
Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев өз сөзінде заңды сақтау әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтіп, құқықтық мәдениеттің ерте жастан қалыптасуы болашақта саналы әрі жауапты тұлға тәрбиелеудің негізі екенін жеткізді. Ал Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оқушыларды заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Өз кезегінде Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Сарсенбаев мемлекет тарапынан білім беру саласына көрсетіліп отырған қолдаулар туралы айтып, сапалы білім мен дұрыс тәрбиенің ел болашағы үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Ал Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бақытжан мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта ұстаздар мен ата-аналардың жауапкершілігі зор екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында жасөспірімдерге арналған қылмыстық істерге қатысты бейнеролик көрсетіліп, оның негізінде құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара ашық форматта өтіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі тұшымды жауаптар алды.
Кездесу соңында жастарды заңды білуге, тәртіпті сақтауға және білім алуға ынталандыратын ойлар айтылып, мұндай шаралардың жасөспірімдердің құқықтық санасын арттыруда, қоғамда заң мен тәртіпке деген оң көзқарасты қалыптастыруда маңызы зор екені атап өтілді.