Ізгілік пен спортты ұштастырған «Ихсан» қайырымдылық лигасының 2026 жылғы маусымының жабылу салтанаты жоғары деңгейде өтті.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында 2022 жылы құрылған бұл жоба аудандық орталық «Нұр» мешітінің бас имамы Үсен Сауырбаев пен белсенді азамат Ерсұлтан Әділханның бастамасымен жүзеге асқан. Бүгінде лига аудан көлеміндегі ауқымды спорттық әрі әлеуметтік жобаға айналып, құрамында 15 команда өнер көрсетуде.
Лиганың басты ерекшелігі – футбол арқылы жастарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, дін мен спортты үндестіре отырып, қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастыруында. Лига ойыншылары аудандық орталық «Нұр» мешітімен бірлесіп, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік көмегін көрсетіп келеді.
Алты айға созылған тартысты дода барысында командалар өзара шеберлік байқасып, жанкүйерлерге қызықты ойын сыйлады. Жабылу салтанатына Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық мәслихат депутаты Нұргелді Клушев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бекайдар Тойлыбаев және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков қатысып, жеңімпаздар мен үздік ойыншыларды марапаттады.
Іс-шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров лига қатысушыларына жылы лебізін білдіріп, аудан жастарын спортқа баулумен қатар, қайырымдылық пен рухани құндылықтарды насихаттап жүрген ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншы, үздік қақпашы, үздік қорғаушы және үздік шабуылшы аталымдарының иелері анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Жалпы командалық есеп бойынша:

І орын – «Комфорт Строй Сити» командасы

ІІ орын – «Бауырлар» командасы

ІІІ орын – «Ленгер Авто» командасы
Аталған жарыстың негізгі мақсаты – спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу, дін мен спортты ұштастыру арқылы ауданның қоғамдық және әлеуметтік дамуына үлес қосу.
Барлық ұйымдастырушыларға, демеушілерге, командалар мен жанкүйерлерге белсенді қатысқандары үшін шынайы алғыс білдіреміз. «Ихсан» қайырымдылық лигасы алдағы уақытта да игі бастамаларымен аудан жастарына үлгі болып, қайырымдылық пен спорттың жарқын үлгісін көрсете береді деп сенеміз.
Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі