ЛЕНГІРДЕ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ🤝

ЛЕНГІРДЕ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ🤝
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби айтқан осы даналық сөздің мәнін бүгінгі көргеніміз тағы бір мәрте айқындай түскендей.
Елімізде жүзеге асып жатқан «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының басты мақсаты – білім мен тәрбиені қатар ұштастыра отырып, саналы да парасатты ұрпақ қалыптастыру. Осы игі бағыттағы нақты нәтижені бүгін Ленгір қаласындағы №5 мектеп-гимназиясында өткен тағылымды кештен анық байқадық.
Мектеп қабырғасында құрылған «Мектеп және театр» бағыты аясындағы үйірме мүшелері Жан-Батист Мольердің әлемге әйгілі «Тартюф» пьесасын сахналады. Жас өнерпаздардың сахнадағы шынайы ойыны, кейіпкер болмысын терең сезініп жеткізе білуі, дауыс ырғағы мен сахна мәдениеті – олардың жан-жақты қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.
Сахна – тек өнер ордасы емес, ол – тұлға тәрбиелейтін үлкен мектеп. Театр арқылы жасөспірімдердің эстетикалық талғамы қалыптасып, сөз мәдениеті шыңдалып, ой-өрісі кеңейеді. Ең бастысы – олар өмірдің мәнін түсініп, жақсы мен жаманды ажыратуға үйренеді.
Қойылымның көркемдік деңгейі де ерекше әсер қалдырды. Сахна безендірілуі, костюмдер мен жарық үйлесімі XVII ғасыр атмосферасын шебер жеткізіп, әрбір көрініс көрерменді өзіне баурап алды. Бұл – оқушылардың талпынысы мен ұстаздарының кәсіби ізденісінің нәтижесі.
Кештің қадірлі қонақтары қатарында аудандық мәслихаттың қызметкерлерімен қатар, арнайы Францияның Нант қаласынан келген қонақ, бұрынғы ұстаз Бенуа мырза, ата-аналар мен ұстаздар болды. Шетелдік қонақтың Мольер шығармасының мектеп сахнасында жоғары деңгейде қойылуына ризашылығын білдіруі – жас өнерпаздар үшін үлкен шабыт көзі болары сөзсіз.
Осындай игі бастамалар арқылы өскелең ұрпақтың бойында өнерге сүйіспеншілікпен қатар, адамгершілік құндылықтар қалыптасатынына сенімдіміз.
Осы орайда, жас ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына бар күш-жігерін арнап жүрген барша ұстаздарға және әрдайым қолдау білдіріп жүрген ата-аналарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сіздердің еңбектеріңіз – ел ертеңінің берік тірегі.
 
©️Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі