Бүгін аудандық мәслихаттың кезекті XXXIV сессиясы өтті.
Сессия басталмас бұрын сессия төрағасы Нұрлан Қойбағаров пен аудан әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиев ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Төлеби аудандық мәслихатының Құрмет грамоталарын табыстап, оларды құттықтады. Марапат иелеріне алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, ауданның өркендеуіне қосқан еңбектері жоғары бағаланатыны атап өтілді.
Одан кейін сессия жұмысын мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров жалғастырып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығының» атқарып жатқан жұмыстарының барысы туралы орталық басшысы Қайсар Ақылбеков хабарлама жасады. Ол жастарды қолдау, еріктілер қозғалысын дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Екінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2025 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Комиссия төрағалары өз бағыттары бойынша жүргізілген жұмыстарға қысқаша тоқталып, депутаттық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды атап өтті.
Үшінші мәселеде Төлеби аудандық мәслихатының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы №31/184-VIII «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс қаралды. Бұл жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов хабарлама жасап, ұсынылған өзгерістердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғанын атап өтті.
Төртінші мәселе бойынша Төлеби ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныстар қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Мұрат Паңбай хабарлама жасады.
Айта кету керек, күн тәртібіндегі төрт мәселе біріккен тұрақты комиссиялардың отырысында алдын ала талқыланып, жан-жақты пысықталған. Осыған байланысты депутаттар ұсынылған мәселелер бойынша бірауыздан дауыс беріп, тиісті шешімдер қабылдады.

Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі