Бүгін Төлеби аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров Чернобыль атом электр станциясындағы алапат апаттың салдарын жоюға қатысқан ардагерлермен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік апаттардың бірі – Чернобыль қасіретінің зардабын өз өмірімен, денсаулығымен еңсерген азаматтарға көрсетілетін құрмет пен қолдаудың маңыздылығы кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, биыл Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апатқа 40 жыл толуына орай аудан көлемінде мазмұнды әрі тағылымды іс-шара өткізу мәселесі талқыланды.
Мәслихат төрағасы бірнеше жылдан бері бұл санаттағы азаматтарды назардан тыс қалдырмай, олардың мәселелерін көтеріп, жыл сайын еске алу және қолдау шараларының ұйымдастырылуына тұрақты түрде мұрындық болып келеді.
Нұрлан Қойбағаров биылғы 40 жылдықты ерекше мән-мағынамен атап өту қажеттігін атап өтіп, Чернобыль зардабын жоюға қатысқан ардагерлердің қоғамдағы орны айрықша екенін, олардың ерлігі мен жанқиярлық еңбегі ешқашан ұмытылмауға тиіс екенін жеткізді.
Сондай-ақ, кездесу барысында ардагерлерге көрсетілетін бір реттік әлеуметтік көмектің мөлшеріне қатысты, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың бекітілген қағидалары жөнінде жан-жақты түсіндірме берілді. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер бойынша нақты жауап алып, көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Бұл кездесу – ел үшін ауыр сынақ кезеңінде ерлік танытқан азаматтарға деген құрметтің, олардың тағдырына бейжай қарамай, әрдайым назарда ұстап отырудың айқын көрінісі болды.

Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі