ТАРИХИ ҚАДАМ

ТАРИХИ ҚАДАМ

                                                       Құрметті жерлестер!

2026 жылғы 30 қаңтарда Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы қоғам талқысына ұсынылды. Бұл – жай ғана түзету емес, мемлекеттің институттық негізін жаңғыртатын, стратегиялық маңызы зор қадам. Конституциялық комиссияның жұмысы барысында халықтан, партиялардан, депутаттардан, сарапшылар мен құқықтанушылардан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Олар тек Парламент құрылымын емес, Ата заңның барлық бөлімдерін, оның ішінде Президент, Үкімет, Сот, адам құқықтары мен бостандықтарын, табиғатты қорғау, білім беру және отбасы институтын қамтитын ауқымды мәселелерді қамтыды.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы күні Елордамыздағы Тәуелсіздік сарайында өткен Волонтерлер форумында атап өткендей, бұл реформа – барша мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты және теңгерімді етуге бағытталған. Форумда Президент: «Конституция кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Біздің басты міндетіміз – оны баршамыз білуіміз және бағалауымыз» – деді. Осы орайда, Конституцияға болашақта жасалатын өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы тиіс, бұл азаматтардың құқықтары мен белсенділігін нығайтады.

Жаңа жоба 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. 77 бапқа түзету енгізіліп, мәтіннің шамамен 84%-ы жаңартылған. Преамбула тарих пен ұлттық дәстүрлерге, әділетті қоғам құру идеясына, адам мен табиғатқа құрмет қағидатына негізделген. Конституцияда өмір сүру құқығы абсолютті, адам құқықтары мен бостандықтары толық сақталады. Адвокатураның мәртебесі, «Миранда ережесі», жеке деректерді қорғау және кәсіби құпияларды сақтау, цифрлық құқықтар – барлығы заңда нақты бекітілді.

Мемлекеттік басқаруда бір палаталы Құрылтай, вице-президент институты, Қазақстан Халық Кеңесі енгізілмек. Бұл құрылымдар заң шығару процесінде халық пікірін есепке алатын, ашық әрі жауапты басқаруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие болады, отбасы мен некеге қатысты құндылықтар сақталады, шығармашылық еркіндік пен сөз бостандығы кепілдендірілмек.

Жаңа Конституцияның негізгі басымдықтарының бірі – адам капиталының ең басты құндылық екенін мойындау. Әр азаматтың әлеуетін іске асыруға тең мүмкіндігі бар әділетті қоғам құру, ғылым мен білімді, инновацияны, цифрлық технологияларды дамыту мақсатқа қойылды. Адам мен жасанды интеллект өзара қызметтес болуы, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталуы – жаңа заңның инновациялық тұжырымдарының бірі.

Президенттің сөзімен айтсақ, жаңа түзетулер «барлық мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіру арқылы Қазақстанды орнықты әрі дамыған мемлекетке айналдырады». Бұл қадам тарихи маңызы зор, себебі ол біртұтас мемлекеттің институционалдық-құқықтық негізін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция – адамгершілік, әділет, жауапкершілік қағидаттарын бекітуге бағытталған маңызды қадам.

Әрбір азамат өз құқықтары мен міндетін білу арқылы ел болашағына үлес қосатынына сенімдімін!

 

Құрметпен,

Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы

Н.Қойбағаров