Бүгін ауданымыздағы Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Таиров Мұхтазим Абдуллаевичті құрметпен шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Баздат Жанғазиев және ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков қатысып, ұзақ жылдар бойы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайту ісіне қосқан зор үлесі үшін Мұхтазим Абдуллаевичке алғыстарын білдірді.
Он бес жылдан астам уақыт бойы Таиров Мұхтазим Абдуллаевич аудан тұрғындары арасында достық пен өзара түсіністікті қалыптастырып, этносаралық келісім мен ынтымақты дәріптеу жолында абыройлы еңбек етті. 2019 жылы Төлеби ауданының Құрметті азаматы атағына ие болып, ауданның қоғамдық және әлеуметтік дамуына үлесін қосты.
Іс-шара барысында аудан басшылығы атынан естелік сыйлықтар табысталып, жылы лебіздер айтылды. Сонымен қатар, Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы қызметіне Таиров Айдамир Мұхтазимович бірауыздан сайланып, кірісті.
Өз кезегінде Мұхтазим Абдуллаевич жас буынға ізгі тілегін білдіріп, ел игілігі жолындағы бірлік пен татулық дәстүрі жалғасын табатынына сенім білдірді.
Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі