Бүгін Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында «Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты семинар өтті.
Шара Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен өтіп, оның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру және жергілікті басқару саласындағы тиімді тәжірибелермен бөлісу болды.
Іс-шараға облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, мәслихат аппараттарының басшылары, ішкі саясат және жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты, олардың қатарында Төлеби аудандық мәслихатының депутаттары да белсенділік танытты.
Семинардың модераторы — «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай.
Алғашқы сөз Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовке берілді. Сондай-ақ семинар барысында келесі спикерлер баяндама жасады: ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сакен Мажибеков, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Шолпан Айтенова, сөз сөйлеу өнері бойынша сарапшы, кәсіби ментор Гүлжанат Битанова.
Семинар барысында жергілікті өзін-өзі басқарудың заманауи әдістері, басқару тиімділігін арттыру тетіктері және қоғаммен тұрақты байланыс орнату жолдары жан-жақты талқыланды.
Төлеби аудандық мәслихат депутаттары бұл кездесуде өзекті тақырыптар бойынша жаңа көзқарастармен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Төлеби аудандық мәслихатының баспасөз қызметі