Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарының біліктілігін көтеру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыстық мәслихат аппаратының ұйымдастыруымен "Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері" атты семинар өтті.
Семинарға "AMANAT”, "АУЫЛ" "АҚ ЖОЛ" және "РЕСПУБЛИКА" партияларынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қала,ауыл округі әкімдерімен жергілікті атқарушы органдарының уәкілдері қатысты.
Семинарды "AMANAT" партиясының Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізді. Ол облыстық мәслихаттағы бірлік пен тиянақтылық, өткір мінез бен пікір еркіндігі, сондай-ақ депутаттардың сабырлығына мән бере келе, "AMANAТ" партиясының қоғамдық қабылдаулары аясында депутаттардың ауыл-аймақтарда көшпелі қабылдаулар өткізіп, халықпен жиі жүздесіп жүргенін айтты.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев "Парламент пен жергілікті өкілді органдардың өзара іс-қимылы: тиімді тетіктер мен институционалдық үндестік" тақырыбында баяндама жасап, Парламент пен мәслихаттар арасындағы тиімді байланыс пен ынтымақтастық жолдарын талқылады.
ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Шолпан Айтенова "Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жергілікті бюджеттерді басқарудағы рөлі: Жаңа Бюджет кодексінің нормалары" тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Сөйлеу өнері бойынша сарапшы, кәсіби ментор Гүлжанат Битанова "Сөйлеу өнері, халық алдында еркін сөйлеу: шешен депутат болып қалыптасудың 5 құпиясы" атты тренинг-лекциясын өткізіп, қатысушыларға практикалық кеңестер мен пайдалы әдістер ұсынды.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің "Саясаттану" кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сакен Мажибеков, біздің мемлекеттегі жергілікті басқару жүйесінің басқа мемлекеттермен айырмашылығы жөнінде талдау жасады.
Семинар барысында қатысушылар пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бағытында ұсыныстар мен ойлар айтылды. Сарапшылар мен спикерлер қатысушылардың сұрақтарына нақты жауап берді.
Аудандық мәслихаттың
төрағасы Н.Қойбағаров