Екі жаңа ауданның бюджеті бекітілді

Екі жаңа ауданның бюджеті бекітілді

Қала әкімдігінің мәжіліс залында қалалық мәслихаттың кезектен тыс жиырма алтыншы сессиясы өтті. Сессияға қала әкімінің міндетін атқарушы Н.Исабеков, қала прокурорының, полиция басқармасының және қала бойынша кірістер басқармасының өкілдері, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы, қала әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысты.

Ең әуелі сессия алдында қала әкімі аппаратының басшысы А.Тасеменов жаңадан тағайындалған бөлім басшыларын депутаттарға таныстырып өтті. Күн тәртібіне сәйкес қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Ордабаев «2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №25-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы және қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Валиханов «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттардың жобасына келісу» туралы баяндамалар жасады.

Сондай-ақ, «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «Әлеуметтік мәселелер жөнінде қалалық консультативтік-кеңесші ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 8 шілдедегі №16-4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», Тараз қаласында 2025-2026 жылдарға арналған «Тараз-қауіпсіз қала» жобасын іске асыру іс-шаралар жоспарын бекіту туралы т.б. мәселелер қаралды.

Халық қалаулылары мәселелерді сессия отырысында жан-жақты талқылап, бірауыздан қолдап, шешім қабылдады. Жиыннан соң «2023-2025 жылдарға арналған депутаттық сауалдардың орындалу барысы» туралы қала әкімдігімен бірлескен кеңейтілген мәжіліс өтті.