2025 жылдың 24 қырүйек күні Сырдария аудандық мәслихатының кезекті 39-шы сессиясының отырысы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Еспенбетов, кент және ауыл округі әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов ашып, жүргізді. Сессия отырысында келесі мәселелер қаралды:
Сырдария ауданы әкімінің аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі.
2. Аудан көлемінде халық денсаулығын сақтау барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және ана мен бала денсаулығын қорғау шараларының ауданда орындалу барысы жайлы.
3. «2025 – 2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты Сырдария ауданының әкімінің міндетін атқарушы Р.Еспенбетов баяндама жасады.
Есепті баяндамада: 2025 жылдың 7 айында ауданымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда. Ауданның өнеркәсіп орындары 68,7 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Көрсеткіш 78,8 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 10 млрд. теңгені құрап, 133 пайызға өсті. Аудан экономикасына 46,8 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Инвестиция тарту жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болады. Есепті кезеңде 17,4 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 13 млрд. теңгені құрап, 29,7 пайызға өсті. Өздеріңізге белгілі, облысымыз – аграрлы аймақ. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруде нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Биыл аудан диқандары 33 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, күтімге алды. Оның ішінде, күріш 19 950 гектарға егілді. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, аймақта суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеуде егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы үлкен. Баяндама соңында бірлесе отырып аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, әл-ауқатын жақсарту бағытында біршама жұмыстарды атқарғандығын айта келе, алдағы уақытта да бірге нәтижелі әрі үйлесімді жұмыс жасалатынына сенім білдірді.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Д.Ибадуллаева аудан әкімінің есепті баяндамасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал еткен нақты шаралар қабылданып, түрлі бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілгендігін атап өтті. Инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, халықпен кері байланыс орнату бағыттарында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгендігіне тоқталды. Атқарылған жұмыстар өз деңгейінде орындалып, қойылған міндеттер негізінен іске асты деуге негіз бар екендігін тілге тиек етті. Аудан әкімінің атқарған жұмысына баға бере отырып, алдағы атқарылатын жұмыстарына сәттілік тіледі.
Екінші мәселе бойынша Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Сырдария аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ж. Жұмабаева баяндама жасап, денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Үшінші мәселе бойынша Сырдария аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысы Е. Ахетов түсініктеме берді.
Аталған мәселелер Сырдария аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып талқыланғандықтан шешім жобалары бірауыздан қолдау тапты.