
Бүгін «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында тоғызыншы шақырылған Шу аудандық мәслихаттың кезекті XXXХХІІІ сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі Б.Жәнібеков, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Атенов, ауданның қоғамдық кеңесінің төрағасы Т.Әрістеев, жекелеген мекеме басшылары, аудандағы мемлекеттік бала бақшалардың меңгерушілері мен шағын орталығы бар мектептердің директорлары қатысты.
Кезекті сессияны мәслихат төрағасы Ж.Әбенов жүргізіп отырды.
Сессияның қарауына 7 мәселе қойылды.
Бірінші кезекте «Аудандағы мемлекеттік бала бақшалар мен шағын орталықтарды материалдық-техникалық жарақтандыру және тәрбиеленушілерді ыстық тамақпен қамту жұмыстарының жәйі туралы» мәселе қаралды.
Бұл мәселе бойынша мәслихаттың әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы және уақытша комиссияның төрағасы Мақсат Лесханұлы Сұлтанғазиев депутаттардың жүргізген зерделеудің қорытындысы бойынша баяндама жасап, бала-бақшалар мен шағын орталықтарды материалдық-техникалық қамту жұмыстарында орын алған кемшіліктер мен олқылықтарға тоқталып өтті.
Қаралып отырған мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Шу ауданының білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы Жазықбаев хабарлама жасады. Мәселені қарау және талқылау барысында мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, мәслихат депутаттары А.Айтжанов, Л.Жүнісалиева, М.Сұлтанғазиев, М.Маткаримов сұрақтар қойып, ұтымды ұсыныстар айтты. Сессияда Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Атенов бала бақшалардың қазіргі жағдайына қатысты депутаттар қойған сұрақтарға жауап берді.
Осы кезекті сессияда басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет нақтыланды, аудандық прокуратура ұсынған «Шу-қауіпсіз аудан» профилактикалық іс-шаралар бағдарламасының жоспары бекітілді. Сонымен қатар, депутаттармен аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының бос орындарына комиссия мүшелері сайланды.
Халықты жұмыспен қамту мәселелер жөніндегі аудандық комиссияның жаңа құрамы бекітілді және аудандық терроризмге қарсы комиссияға тиісті өзгерістер енгізілді.
Осымен IX шақырылған Шу аудандық мәслихаттың XXXХХІІІ кезекті сессиясы өз жұмысын аяқтады.