2025 жылдың 22-ші желтоқсан күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында тоғызыншы шақырылған Шу аудандық мәслихаттың кезекті XXXХІХ сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Н.Абдрашев, ауданның қоғамдық кеңесінің төрағасы Т.Әрістеев, аудан әкімдігінің бөлімдері мен жекелеген мекеме басшылары, Шу қаласы, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Кезекті сессияны мәслихат төрағасы Ж.Әбенов жүргізіп отырды.
Сессияның қарауына 17 мәселе қойылды.
Күн тәртібінде бірінші «2025-2027 жылдарға аудандық бюджет туралы» 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №33-3 шешіміне өзгерістер енгізіліп, депутаттармен сессияда тиісті шешім қабылданды.
Осы сессияда «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджеттің жобасы» қаралды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Ахылбекова хабарлама жасап, бюджетке қатысты депутаттардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Аудандық мәслихаттың экономика, бюджет, салық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Л.Жүнісалиева бюджет жобасы бойынша қорытынды жасады. Алдын ала өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттардың бюджетке қатысты енгізген өзгерістермен бірге сессияда аудандық бюджет тиісті шешіммен бекітілді.
Сондай-ақ, 2026-2030 жылдарға арналған Шу ауданының даму жоспары бекітілді.
Сонымен қатар, сессия отырысында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы комиссия төрайымы Л.Жүнісәлиева, төрағасы М.Сұлтанғазиев, және төраға міндетін атқарушы Б.Ниязбеков есеп берді. Сондай-ақ, Шу аудандық мәслихаттың төрағасы Ж.Әбеновтің 2025 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сессияда аудан әкімдігі ұсынған комиссиялар мен кеңестердің құрамына тиісті өзгерістер енгізілді.
Осымен IX шақырылған Шу аудандық мәслихаттың XXXХІХ кезекті сессиясы өз жұмысын аяқтады.