Кезекті сессия отырысы
2025 жылғы 12 қыркүйек күні Жамбыл облысы Шу аудандық мәслихатының кезекті ХХХХІІІ сессия отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасарлары Н.Султанбаев, С.Пернеш, әкімдіктің бөлім басшылары, жекелеген мекеме басшылары, Шу қаласы және ауылдық округтердің әкімдері қатысты. Кезекті сессияны мәслихат төрағасы Ж.Абенов жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде негізгі қаралған мәселе, ол – «Шу ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін атқарудағы мәслихат депутаттарының алдындағы есебі туралы».
Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Б.Жәнібеков есеп берді. Аудан әкімі өз баяндамасында ауданда әлеуметтік-экономикалық дамудың 2025 жылдың 7 айындағы көрсеткіштеріне, сондай-ақ, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.
Аудан әкімінің есебін қарау және талқылау барысында №7 сайлау округінен сайланған мәслихат депутаты М.Сұлтанғазиев Ескі Шу ауылдық округіндегі суармалы жерлерді нақтылау, №14 сайлау округінен сайланған мәслихат депутаты Л.Жүнісәлиева Шу қаласындағы Теміржолшылар саябағын абаттандыру, Шу қаласы Сейфулин көшесінен Алға ауылына кіре беріс жолға бейнекамера немесе жылдамдықты шектеу белгісін қою, №9 сайлау округінен сайланған мәслихат депутаты А.Айтжанов Тасөткел су қоймасының Сол және Оң жағалау каналдарын жөндеу, өсімдік шаруашылығында дақыладрды егу көлемі мен өнім алу, жылыту маусымына мектептердегі қазандықтарды жөндеу, елді мекендердегі ветпунктерді теңгерімге алу туралы ұсыныстар, сұрақтар қойып, оларға аудан әкімі және жауапты мекеме басшылары тиісті жауаптар қайтарды. Депутаттармен қаралған мәселе бойынша тиісті шешім қабылданды.
Сонымен қатар, осы сессия отырысында тиісті шешімдермен «Шу ауданы бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары», «Шу аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесі» бекітілді.
Осымен ХХХХІІІ кезекті сессиясы отырысы өз жұмысын аяқтады.